Ақтөбеде Есет батырдың 355 жылдығына арналған мерекелік шаралар өтіп жатыр
Ақтөбе облысында Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығы тойланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлы қолбасшының құрметіне арналған негізгі мерекелік шаралар Есет Көкіұлының кесенесі мен қорымы орналасқан Алға ауданы Бестамақ ауылының маңында өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шара қонақтары киіз үйлерден дәм татып, ат жарысы мен Есет батырдың ерлігін баяндайтын театрландырылған көріністерді тамашалады. Қазақ тарихында аты аңызға айналған тұлғаның рухына тағзым етуге келгендердің қатарында белгілі мәдениет қайраткерлері Асанәлі Әшімов, Ілия Жақанов, Алтынбек Қоразбаев, Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ерман, Қасымхан Бегманов, Өмірзақ Озғанбаев, Ақұштап Бақтыгереева, Бауыржан Жақып және тағы басқалары бар.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов еліміздің тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күрескен батырлардың ерліктерін еске алу ұрпақ парызы екенін баса айтты.
Тарихы терең қарт Ақтөбенің киелі топырағында кіндігі кесіліп, жауда батырлық, дауда шешендік танытып, халқының бостандығы мен ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін сақтау жолында жанқиярлық ерлік көрсетіп тұлғалық деңгейге көтерілген ұлдары аз емес. Осындай - ел басына күн туғанда халқымыздың бағына біткен, батыл да байыпты мәмілегер, саясаткер, елдің бірлігіне ұйытқы бола білген, қол бастаған батырымыз – Есет Көкіұлы. Есет батыр бүкіл өмірін халқының азаттығына арнаған, ерлік жолы ұлт тарихына алтын әріппен жазылған тұлға. Біз Есет батыр бабамыздың тарих сахнасындағы ерекше ерлігі мен еңбегін ұрпақ санасына ұялата білуіміз қажет. Жаңа Қазақстанда туған жерінде адал еңбегімен тұлпар мініп ту тіккен, қол бастаған бабалардан қалған мұра – киелі отанымызды толағай табыстардың, берекелі ырыстың бастауына айналдырған батырлар көп болсын, – деді Е.Тоғжанов.
Халық әртісі Асанәлі Әшімов мұндай шаралардың өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, ұлттық тәрбие беру үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Мен қазақ болып туғаныма қуанамын, әсіресе, оның өнерін қуғаныма қуанамын. Сахнадан, экраннан жақсы кейіпкерлер жасап, өмірге қайта туа аламын. Қазақтың кең, байтақ жеріне қуанамын. Мен әрқашан халықпен біргемін. Есет батыр барша халыққа, әсіресе, жас, өскелең өзінің ерлік істерімен ұрпаққа үлгі, – деді А.Әшімов.
Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев шараға дайындықтың жоғары деңгейін атап өтті.
355 жылдың ішінде талай су ағып өткен екен, талай ұрпақ ауысқан екен. Талай қоғамдық формациялар өзгерген екен. Бірақ өзгермеген бір нәрсе бар. Ол халықтың Есет батыр Көкіұлына деген махаббаты. Ұлы тұлғаларды ұмытпау – елдіктің белгісі. Бүгін мен ақтөбеліктерге, облыс басшылығына ұлы батырдың ерлігін еске алып, насихаттап жатқандары үшін алғысымды білдіргім келеді. Осы қасиетті жерді ұрпақ санасында жаңғырту жастардың ұлы бабасы туралы мәліметтерді білуіне көп мүмкіндік береді, - деді О.Озғанбаев.
Мерекеге орай ұлттық ат спорты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Бәйгеге 50-ге жуық шабандоз қатысты. Аламан бәйгедегі бас жүлдеге тігілген автокөлікті Қобда ауданының шабандозы алса, екінші орынға тігілген 1 миллион теңге жүлдені Астана қаласынан келген шабандоз жеңіп алды. Айта кетерлігі, Есет батырдың 355 жылдығына орай тағы да бірқатар шаралар өткізілмек. Бүгін «Еркіндік қыраны, шарықта» атты екі күнге созылатын республикалық ақындар айтысы басталады. Байқауға Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік етеді.