Ақтөбеде ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды
ERG компаниясы Ақтөбе облысындағы ең қуатты жел электр станциясының құрылысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Жоспар бойынша жаңа нысан 2024 жылы толық іске қосылуы керек. Нәтижесінде 150 гектар аумақта соңғы үлгідегі жел генераторларының паркі пайда болады. Қуаты 155 мегаватты құрайтын жел электр станциясы Хромтау қаласының маңында салынады. Одан алынатын энергия Дөң тау-кен байыту комбинатына жеткізіледі. Қазір кәсіпорын 45 мегаватт көлемінде қуат тұтынады. Алайда, келешекте жаңа жобалар жүзеге асып, өндіріс ауқымы ұлғайса, бұл көрсеткіш екі есеге артуы мүмкін. Ал жаңа нысан ол мәселені толық шешпек.
Біз ERG тобында ESG комитетін құрдық. Себебі өніміміз «жасыл технологияға» сәйкес болуы керек. Бұл біздің мақсатымыз, міндетіміз. Басқа жол жоқ. Ферроқорытпамыз да, алюминийіміз де жоғары деңгейде болуы қажет, - дейді ERG директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
Дәл осы жел электр станциясын іске қосу нәтижесінде атмосфераға тарайтын көмірқышқыл газы шығындылары жыл сайын 520 мың тоннаға қысқарады. ERG бұл жобаға 110 млрд теңге инфестиция құяды. Нысанды салу кезінде 300 ал, іске қосқанда 30 адам тұрақты еңбек етеді.
Экономикамыздың дамуының қарқынды жүруіне бір жағынан қуанатын болсақ, екінші жағынан мына электр қуатының тапшылығын бәрімізде көріп отырмыз. Соған орай, осы акционерлік қоғам жобаға кірісейін деп жатыр. Оның бәрінде де менің ойымша, мемлекет басшысының берген тапсырмасының орындалуы, екінші жағынан осы акционерлік қоғамның өзінің тиісті мәселелерін шешуі, - деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
ERG бұдан өзге бірнеше тың жобаны іске асырмақ. Оның бірі компанияның Ақтөбедегі зауытынан шығатын қалдық ферроқорытпа газымен жұмыс істейтін электрстанциясы болса, тағы бірі келер жылы Хромтауда іске қосылатын шлам өңдейтін байыту фабрикасының құрылысы.