Ақтөбеде егін егу қашан басталады?

Жуырда Ақтөбе облысында көктемгі егін егу жұмыстары басталады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиевтің айтуынша, биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары 717,9 мың гектар алқапқа жүргізілмек. Атап айтсақ, дәнді және дәнді бұршақ дақылдары — 368,3 мың гектарға, майлы дақылдар — 88,2 мың гектарға, мал азығы дақылдары — 249,7 мың гектарға, картоп — 6,2 мың гектарға, сондай-ақ 5,5 мың гектарға бақша дақылдары егіледі.

Биылғы көктемгі егін егу науқанына жалпы мөлшері 41,3 мың тонна тұқым дайындап отырмыз. Қазір облыс бойынша көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге 1,6 мың трактор, 108 дана егіс кешенін, 1,3 мың тұқым сепкіш пен 1,6 мың жер өңдейтін техника жұмылдыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы бүгінде 87 пайызды құрап отыр. Осы айдың аяғына дейін шаруашылықтар техникаларды жөндеу жұмыстарын жалғастыратын болады, — дейді ол.

Биыл егін егу жұмыстарына облыс бойынша 9,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылған. Шаруашылықтарға дизель отыны арзан бағамен, нақтырақ айтсақ, бір литрі 207 теңгеден бөлінген. Қазір шаруа қожалықтары өздеріне қажетті дизель отынын тасып алып жатыр.

Дизель отыны шаруашылықтарға жалпы нарықтағы бағадан 20 пайызға арзан бағаға беріліп отыр. Бүгінде дизель отынын тасып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өкінішке қарай, сәуір айынан бастап еліміз бойынша дизельдің бағасы қымбаттайды. Дегенмен ауыл шаруашылығы құрылымдарына дизель нарықтағы бағадан төмен бағаға берілетін болады. Сондай-ақ бүгінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алу жұмыстарын жүргізіп жатыр, — дейді Әбтиев.

Биыл егін егу жұмыстары аясында ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен өсімдік шаруашылығын дамытуға 1,3 млрд.теңге қаражат бөлініп отыр. Сондай-ақ «Кең дала» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы егіс науқанын жүргізуге жылдық мөлшері 5 пайыз болатын сыйақы мөлшерлемесімен 2,0 млрд.теңге несие қаражаты қарастырылған.

Бүгінде осы несиенің 1,5 миллиард теңгесі шаруашылықтарға берілді. Несие алуға байланысты қожалықтардан өтінімдерді қабылдау жалғасуда. Жалпы биыл Ақтөбе облысы бойынша егін егу жұмыстары Ақтөбе қаласында, Алға, Мәртөк, Қарғалы, Темір, Әйтеке би, Қобда, Ойыл, Мұғалжар, Хромтау аудандарында жүргізіледі. Ауа райының ерте жылынуына байланысты биыл облыстағы егін егу жұмыстары сәуір айының үшінші онкүндігінде басталады, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Айта кету керек, егін егу жұмыстары мамыр айының соңында аяқталуы тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы