Ақтөбеде дарынды жастар іріктеледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе қаласы әкімінің жыл сайынғы "Ақтөбе Дарыны – 2019" жастар сыйлығына байқау жарияланды. Бұл туралы Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Табылғанов мәлім етті.
"Ақтөбе дарыны – 2019" жастар сыйлығы ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында жыл сайын ұсынылады.
Байқау эстрада, классикалық музыка, халық шығармашылығы, әдебиет, театр және кино, журналистика және қоғамдық қызмет, спорт, дизайн және бейнелеу өнері, ғылым номинациялары бойынша өтеді.
"Халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шараның лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып саналатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен Қазақстан Республикасының 29 жасқа дейінгі Ақтөбе қаласының кез келген азаматтары сыйлық алуға үміткер бола алады. Құжаттар 2019 жылдың 20 мамырына дейін қабылданады", - деді Жандос Табылғанов.
Оның сөзінше, "Ақтөбе дарыны – 2019" жастар сыйлығын алуға үміткерлерді ұсынуды жергiлiктi және өзге де мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалардың өкілдері жүргiзедi.
Барлық жеңімпаздарға "Ақтөбе дарыны – 2019" жастар сыйлығының лауреаты атағы беріледі және олар дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Барлық құжатты дайындап, Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығына алып келіп тапсыру қажет.