Ақтөбеде дәмханадағы жарылыс: Оқиғаның себебі белгілі болды
Нысанда газ баллондары пайдаланылмаған.
Ақтөбеде Алтын Орда шағынауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада болған жарылыстың мән-жайы анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, оқиғаға газ баллоны емес, табиғи газдың сыртқа шығуы себеп болған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Дәнәбек Иманғазиннің айтуынша, дәмханада газ баллондары болмаған. Нысан табиғи газбен жылытылады әрі жұмыс істейді. Болжам бойынша, ғимарат ішінде газ бен ауаның қоспасы жиналған. Соның салдарынан болған жарылыс өртке ұласып, қабырғалардың бір бөлігі, соның ішінде көшеге қарай салынған қосымша құрылыс қираған.
Жарылыс толқыны тұрғын үйдің терезелерін сындырған. Пластик жақтаулардың, профлист пен әйнек сынықтары ондаған метрге ұшып, тұрақта тұрған және жолда келе жатқан көліктерге, сондай-ақ жолаушылар автобусына зақым келтірген.
Ғимарат маңындағы аумақ қоршауға алынды. Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, арнайы комиссия келтірілген шығынды бағалап, зардап шеккен пәтерлердің санын анықтап жатыр. Олардың тұрғындары уақытша туыстары мен көршілерінің үйіне орналастырылады.
Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Олар №1 қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. 36 жастағы әйел политравма бөліміне, ал 19 жастағы жігіт жансақтау бөліміне жатқызылды.
Аурухананың бас дәрігері Қадырбек Иманбаевтың мәліметінше, екі науқастың да жағдайы тұрақты. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Жарылыс 13 қарашада сағат 10:28-де Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайындағы дәмханада болған. Оқиға орнына 45 құтқарушы мен 10 арнайы техника жұмылдырылды. Өрт 25 минут ішінде сөндірілді. Қаза тапқандар жоқ.