Ақтөбеде бүйрегін сатпақ болған ер адам сотталды
Ақтөбеде бір бүйрегін 9 млн теңгеге сатпақ болған азамат бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сотталушыны Ақтөбе қалалық №2 соты ҚР Қылмыстық Кодексінің 24-бабының 3-бөлігі – 116-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған бір жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Сотталушы сот отырысында өз кінәсін толық мойындады.
Былтыр сот тұрақты табысы жоқ азаматтың бір бүйрегін телеграмм қосымшасы арқылы сату туралы хабарландыру жариялағанын анықтады. Ол өзінің бір бүйрегін 9 миллион теңгеге бағалаған. Өткен жылдың қыркүйек айында аталған хабарландыруға құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықта болған куәгер жауап беріп, өзара сатып алу туралы келісімге келген. Нәтижесінде сотталушы куәгерден 5 миллион теңге қаржы алып жатқан жерінен ұсталды. Сот кезінде ер адам өз кінәсын мойындап, ақыры бас бостандығынан айырылды, - дейді Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметі бөлімінің бас маманы Жансая Таирова.
Оның айтуынша, сот бүйрегін сатпақ болған азаматтың балалары бар екендігін ескеріп, сондай-ақ оның шын жүректен өкінгеніне көз жеткізіп, жазасын жеңілдеткен.
Айта кету керек, елімізде адамның органдарын сатуға қатаң тыйым салынады. Бұл туралы ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте айтылған.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің деректеріне сүйенсек, былтыр Қазақстанда Қылмыстық Кодекстің 116-бабы (адам органдары мен тіндерін алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу) бойынша 22 қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер анықталған.