Бүгiн 2026, 08:32
Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов
Ақтөбеде бұрынғы әйелін аңдып, бір айға жуық мазалаған ер адам ұсталды
Полиция мәліметінше, күдікті учаскелік инспекторлар тарапынан ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Ақтөбеде 29 жастағы тұрғын бұрынғы жұбайын ұзақ уақыт аңдып, мазалағаны үшін ұсталды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ер адам оны бір айға жуық мазалап, үнемі байланыс орнатуға тырысқан, деп хабарлайды BAQ.KZ Диапазон басылымына сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, күдікті учаскелік инспекторлар тарапынан ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Іс Қазақстан заңнамасына жаңадан енгізілген «сталкинг» бабы бойынша қаралуда.
Аталған бапқа сәйкес, адамды заңсыз қудалау – оның еркінен тыс байланыс орнату немесе іздестіру әрекеттері үшін жаза қарастырады. Күдікті 50 тәулікке дейін қамауға алынуы немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, заң күшіне енгеннен бері Ақтөбе облысында сталкинг бойынша алты дерек тіркелген, олардың бірі сотқа жолданған.