Бүгiн 2026, 18:31 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Ақтөбеде бұрын ақталған экс-шенеунікке қайта үкім шығып, 3 жылға сотталды

Бірнеше ай бұрын кінәсіз деп танылған бұрынғы лауазымды тұлғаға қатысты сот шешімі өзгерді.

Прокуратураның принципті құқықтық ұстанымының нәтижесінде алаяқтық ісі бойынша ақтау үкімінің күші жойылды. Бұл туралы Ақтөбе облысы прокуратурасы хабарлады.

Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық сатысы Ақтөбе қаласы әкімінің аппаратының бұрынғы басшысы Н. Исембайұлына қатысты айыптау үкімін шығарды.

Сот оны мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін беруге жәрдемдесемін деген уәдемен байланысты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, - делінген хабарламады.

Бұған дейін, 2025 жылдың 31 наурызында Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен Н. Исембайұлы тағылған айып бойынша ақталған болатын.

Жазаның бұлтартпастығы қағидатын қорғап және сот шешімдерінің заңдылығын қамтамасыз ете отырып, прокуратура органдары ақтау үкімін кассациялық тәртіппен қайта қарауға қол жеткізді.

Істі қарау нәтижесінде сот актісінің күші жойылып, қылмыстық іс жаңадан сот қарауына жіберілді.

Жаңа сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы айыптауды толық көлемде қолдап, Н. Исембайұлына бас бостандығынан айырумен байланысты жаза тағайындауды сұрады.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот айыптау үкімін шығарды, - деп хабарлады облыстық прокуратура.

Сот актісі заңды күшіне енді.