Ақтөбеде борышкер әкелер көп пе?
Ақтөбе облысында 16 мыңға жуық әкеден алимент өндірілуде, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы облысқа іссапармен келген Әділет министрі Азамат Есқараев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бүгінде ер азаматтардан алимент өндіру — әділет қызметіндегі ең өзекті проблемалардың бірі.
Ақтөбе облысында жалпы саны 120 сот орындаушы жұмыс істейді, олардың қатарында мемлекеттік те, жеке де қызмет көрсететіндер бар. Олар бүгінге дейін 300 мыңға жуық атқарушылық іс жүргізген. Оның ішінде 15 911 іс әкелерден алимент өндіріп алуға қатысты болып отыр. Өкінішке қарай, қазір өз балаларына жәрдемдесуден қашатын, жауапкершіліктен жалтаратын әкелер көбейіп барады. Мысалы, 2022 жылы Ақтөбе облысында алимент төлеу жөніндегі сот актілерін орындамағаны үшін 502 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ мұндай мәселеде табысын, мүлкін жасырып, өз балаларын асыраудан әдейі жалтаратындар баршылық. Бұл өте өзекті мәселе болып отыр. Сот орындаушылар бұл бағытта қазір еліміз бойынша жұмыстанып жатыр. Мәселен, Қазақстан бойынша осындай жауапкершілікке тартылған 4065 әке бар. Ал ел аумағынан шетелге шығуға уақытша тыйым салынған 16 671 азамат болса, оның 92-сі — Ақтөбе облысының азаматтары, — дейді ол.
Министр өз сөзінде Ақтөбе облысы бойынша әділет департаменті облыс, қала әкімдіктерімен бірлесіп, борышкер әкелерді тұрақты жұмысқа орналастыру үшін бос орындар жәрмеңкесін өткізіп жатқанын жеткізді. Мысалы, былтыр Ақтөбе облысы бойынша осындай 678 борышкер еңбекке тартылған.
Мамандардың айтуынша, алимент өндіру – өте ұзақ процесс және оған айтарлықтай күш пен төзім керек. Сондықтан сот орындаушылары бұл мәселемен жылдар бойы айналысып, борышкерден қаржыны өндіріп алмайынша тыным таппайды.
Бүгінде Ақтөбе облысында алимент өндіру ісі бойынша қызмет көрсететін жеке кеңсе бар. Онда оннан астам жеке сот орындаушысы тұрғындарға жан-жақты қызмет көрсетеді.
Алимент өндіріп алу бойынша мамандандырылған кеңселерді еліміздің әр өңірінде ашу практикасын кеңейту қажет деп санаймын. Бұл тұрғыда Ақтөбе облысының сот орындаушылары да тәжірибе жинақтауы керек. Ал берешектерді өтеу рәсіміне келетін болсақ, азаматтарға ыңғайлы болу үшін қосымша сервистер құрылған. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде және қоғамдық орындарда орнатылған терминалдар, сондай-ақ Kaspi.kz және Post.kz мобильді қосымшалары арқылы онлайн режимде еңбекақы төлеуге мүмкіндік берілген. Берешекті толық өтеген кезде атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі шотқа тыйым салуды автоматты түрде алып тастайды және шығуға тыйым салуды жояды. Мысалы, бүгінге дейін еліміз бойынша 1 504 428 атқарушы іс жүргізіліп, Kaspi.kz арқылы 51 миллиард теңгеден астам, ал Post.kz арқылы 370 миллион теңге қаржы төленді, - деді министр.