Ақтөбеде бірнеше ауыл жарықсыз қалды
Ақтөбеде күн райы күрт өзгеріп, бірнеше аудан мен ауыл халқы жарықсыз қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазіргі кезде қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр.
14-17 сәуір күндері аралығында бірнеше ауылда электр тоғы болмады. Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, кеше түсте Шалқар ауданының бірнеше ауылы жарықсыз қалып, бүгін қайта қалпына келтірілді.
Атап айтсақ, Бершүгір, Сарсай, Алабас, Ақтоғай, Аөңке би, Қорғанжар, Ақтан батыр, Бегімбет, Есет ата, Байқадам, Алақозы, Аққайтым, Қопасор жылтыр, Тоғыз, Шілікті, Шалқарда барлығы 11 955 үй, оның ішінде 36 мыңға жуық адам бар. Сонымен бірге Ырғыз ауданының 15 ауылы да жарықсыз қалып, үш ауылдан өзгесінде жөндеу жұмысы аяқталды.
Мәртөк ауданында 20 ауылда, Әйтеке би ауданында 8 ауылда жарық жоқ. Қазір Әйтеке би ауданының бір ауылына жарық берілді. Ал Қобда ауданында бір ауыл электр тогынан ажыратылған. Хромтау ауданында 6 ауылда қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Үшеуінде жұмыс аяқталды. Ал Мұғалжар ауылының бір ауылында жарық жоқ. Бүгін барлық аудан, ауылға жарық беріледі. Барлығы 50 бригадада 217 адам жұмыс істеп жатыр. Оларда 66 арнайы техника бар. Бұл жағдайға қатты жел мен электр жеткізу желісінің қатып қалуы себеп болды. Бағаналарға зақым келді,- деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.