Ақтөбеде «Бақытты отбасы» орталығы ашылды

Ақтөбе қаласында аз қамтылған отбасыларға, көп балалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсетуге арналған «Бақытты отбасы» орталығы ашылды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Аталған жобаның мақсаты — отбасы құндылықтарын дәріптеу, мұқтаж жандарға қол ұшын беру, олардың өз-өздерін жұмыспен қамтуына жағдай жасау. 

Аталған орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыста көп балалы, аз қамтылған, отбасында мүгедек бала бағып отырған аналарға барынша қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.

Қазір жұмыс жасаймын деген адамға мүмкіндік мол. Оның ішінде әйелдер, аналар үйде отырып, жеке кәсіппен айналыса алады. Мәселен, тігіншілікпен, аспаздықпен,  қолөнермен айналысуларына болады. Бұл орайда облыста әйел кәсіпкерлерге барынша жағдай жасалып жатыр. Сондай-ақ алдағы уақытта ауылда тұратын әйелдерге де кәсіппен айналысуға мүмкіндік жасалады. «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл әйелдері бау-бақша өсіріп, мал шаруашылығымен айналысып, соның арқасында сүт өнімдерін өндіріп, табыс табуына болады.  Бұл, бір жағынан, ата кәсіп болса, екінші жағынан, өз-өзін жұмыспен қамтуға таптырмас идея. Қазір «Ауыл аманаты» жобасы өңірімізде басталып кетті. Осы жоба аясында кез келген ауыл тұрғыны 2,5 пайызбен несие ала алады. Біз жобаға қатысқысы келетін әйелдер мен аналарға қолдау көрсетеміз, — деді Е.Тоғжанов.

Аталған шарада жеке кәсіп ашып, табыс тауып отырған бір топ әйел өз жетістіктерімен бөлісті. Олардың қатарында «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы, жеке кәсіпкер, Тараз қаласының құрметті азаматы Анар  Бексұлтанова, «Өрістен сөреге дейін» және «Балкондағы сиыр» жобаларының авторы, «Олжас» шаруа қожалығының басшысы, «Жер-Ана Астана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмайрам Баймақова, әлеуметтік желілерде бизнес жүргізуді үйретуші инфобизнесмен, көп балалы ана, психолог Алтын Каникар, «Күнкей» сән үйінің директоры, Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі, Ақтөбе облысы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Сабина Наурызалиналар бар.

Мен тоғыз жылдан бері жеке кәсіппен айналысамын. Отбасында бес бала өсіріп, тәрбиелеп отырмын. Бір баламның мүмкіндігі шектеулі. Соған қарамастан кәсіп ашып, табыс табуды мақсат еттім. Меніңше, әйел кәсіп жасаймын деп отбасынан жырақтамау керек. Қазіргі заманда әлеуметтік желі арқылы кәсіпті дамытуға болады. Ол үшін ел, жер аралаудың қажеті жоқ. Осылайша үйде балалардың жағдайын жасай отырып, мен сияқты кәсіппен айналысуға болады. Мен қазір тик-ток, инстаграм желілері арқылы  300-ге жуық әйел-анамен жұмыс жасаймын. 2020 жылдан бері он қалада әйелдерге арналған трансформациялық курстар өткіземін. Бүгінгі шараға арнайы келіп, қатысып отырмын, — деген Алтын Каникар жиналғандарға өз тәжірибесімен бөлісіп, өзі сияқты көп бала өсіріп отырған аналарды барынша жан-жақты болуға шақырды. 

«Бақытты отбасы» орталығы Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» орталығының базасында ашылып отыр. Аталған орталықта алдағы уақытта массаж, бейнелеу өнері, қолөнер кабинеттері, сондай-ақ сән салоны жұмыс жасайды. 

Орталықта сондай-ақ балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, аналарға түрлі тренингтер, көпшілік-мәдени іс-шаралар өткізіледі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы