Ақтөбеде Балаларды қорғау күні тойланды
Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ақтөбе қаласында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған 40-тан астам мерекелік шара өтті.
Шара аясында дарынды оқушылар марапатталып, кішкентай бүлдіршіндерге сыйлықтар мен балмұздақтар үлестірілді. Көңілді кеш аясында ақтөбелік балақайлар мәз-мейрам болып ойнап, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.
Облыстағы «Алақай» қуыршақ театры алғаш рет қазақ халық ертегісі желісімен «Ер Төстік» спектаклін қойды. Қойылымда «Ер Төстік» ертегісінің желісі бойынша Ер Төстік сегіз ағасын тұтқынға түсірген зұлым күш иесі айдаһар мен жалмауыз кемпірді жеңеді. Оларды жеңу жолында көптеген қиындықтарды бастан кешіреді. Балаларға ұсынылған қойылым бас кейіпкердің мұратына жетуімен аяқталады.
Қойылымның авторы Данияр Сағидуллаев, режиссері — Райымгүл Хабибуллина. Қойылымда басты рөлдерді Гүлнар Баймағанбетова, Нұрат Мұратұлы, Ләззат Сүлеймен, Гаухар Оралбай, Әлішер Орынбасаров Әлішер, т.б. актерлер сомдады.
Қойылым ұнады. Жыл сайын мерекеде осы театрға келіп, спектакльдерді тамашалаймын. «Ер Төстік» ертегісін жақсы көремін, Төстіктің батылдығы, шыдамдылығы ұнайды. Осындай шығармалар тағы да балаларға ұсынылса екен, — дейді театрдың кішкентай көрермені, 2-сынып оқушысы Айзия Айбатқызы.
Айзияны театрға әжесі алып келіпті. Енді сүйкімді балақай достарымен бірге «Керуен Сити» ойын-сауық орталығына бармақшы. «Ол жерге барып, достарыммен мерекені тойлаймын. Ойнап, ән айтып, би билейміз», — дейді Айзия.
Мерекеде Ақтөбе облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Бала – бақыт, бала – болашақ» атты фестиваль өтті.
Шарада әуе, авто, кемеүлгілеу сияқты техникалық спорт түрлерінен, қолөнер бұйымдарын жасаудан, сондай-ақ тоғызқұмалақ және шахматтан сайыс өтті. Өнерлі балалар «Ақжелең-2022» жас күйшілер және «Бақытты балалық шақ – жарқын болашақ» тақырыбындағы сурет байқауына қатысты. Жеңімпаздар марапатталып, арнайы жүлдеге ие болды.
Мерекелік шарада Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин республикалық пәндік олимпиадада жеңімпаз атанған оқушыларды марапаттап, оларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Сонымен қатар облыс орталығында «Kids book fest-2022» балалар кітап фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Ақтөбе облыстық білім басқармасы ұйымдастырған шараға зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар, мектеп оқушылары мен кітап дүкендерінің басшылары қатысты.
Фестиваль 5 бағыттан тұрады. Бірінші бағыт — «Менің Отаным – Қазақстан!» деп аталады. Бұл бағыт бойынша балалар ел, Отан тақырыбында сурет салады. Ал екінші бағыт — «Біз бақытты баламыз» мәнерлеп оқу сайысында жергілікті және танмал ақын-жазушылардың шығармаларын жатқа оқиды. «Қызықты кітаппен демалыс» атты үшінші бағыт бойынша балалар ертегілер елінен театрландырылған көріністер қойып, өз өнерлерін ортаға салады. «Еркін оқу кеңістігі» атты төртінші бағытта балалар үйден алып келген шығармаларын, яғни, үй тапсырмаларын көпшілікке ұсынады. Ал соңғы бағыт — «Оқы және өзгеге сыйла» атты кезеңде шараға қатысқан балалар қасындағы достарына, таныстарына өзі оқыған кітаптарын сыйға береді. Жалпы бұл шараның балалар үшін маңызы зор. Бұл олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырады, білім көкжиегін кеңейтеді, — дейді С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Т.Тілеулесов.
Айта кету керек, аталған кітап фестивалі алдағы үш айда қала орталығындағы «Абай» гүлзарында әр жұма сайын өтетін болады. Оған облыс тұрғындары мен қала қонақтары қатыса алады.