Ақтөбеде азық-түлік бағасын негізсіз өсірген 137-ден астам кәсіпкер жауапқа тартылды
Ақтөбеде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз өсіргендер жауапқа тартылды
Ақтөбе облысында ірі супермаркеттер желісінің жұмысынан заңбұзушылық анықталды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тексеру барысында сауда желісінің шекті ретробонус мөлшерін асырып жібергені белгілі болды.
Бұл заңбұзушылық үшін желі ҚР ӘҚБтК-нің 204-3-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
137-ден астам кәсіпкер сауда үстемесін негізсіз өсірген
2026 жылдың басынан бері Ақтөбе облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бірінші кезекте қажетті өнімдерге сауда үстемелерінің сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.
Тексеру қорытындысы бойынша 137-ден астам кәсіпкерлік субъектісінен заңбұзушылықтар анықталды. Сауда үстемесінің шекті деңгейінен асып кету көрсеткіші айтарлықтай болды. Бұл көрсеткіш 20%-дан 270,9%-ға дейін жетті. Көбінесе тым жоғары үстеме бағалар картоп, пияз, сәбіз, күріш және күнбағыс майына қойылғаны тіркелді.
Анықталған барлық фактілер бойынша кәсіпкерлер ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бақылау жалғасуда
Департамент өкілдері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы мен үстемелеріне мониторинг жасау жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Болашақта осындай заңбұзушылықтарды азайту мақсатында кәсіпкерлермен қатар түсіндіру жұмыстары жүргізілуде (сауда үстемелері мен ретробонустар бойынша заңнама талаптары түсіндіріледі).
Егер облыс тұрғындарында азық-түлік бағасына қатысты сұрақтар туындаса, олар Ақтөбе облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 54-46-49, 54-81-20, 54-81-26 телефондары арқылы хабарласа алады.