Ақтөбеде Азия чемпионатының жүлдегеріне құрмет көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбедегі Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінде өз әскери борышын абыроймен атқарып, еліміздің дамуы мен өркендеуіне үлесін қосып жүрген  әскери қызметші – спортшы қатардағы Еламан Еркенұлы  Қойшыбаевты ұлықтау салтанаты өтті. 

Бұл туралы Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған шараға әскери бөлімнің жеке құрамы, ардагерлер мен спортшының жақындары қатысты. 

Еламан Еркенұлы 2012 жылы жасөспірімдер арасындағы жарыстан Қазастан Республикасының чемпионы және сол жылы жасөспірімдер арасында өткен қазақша күрестен әлем чемпионы, 2013-2014 жылдары жастар арасында қазақша күрестен Қазастан Республикасының чемпионы атанды. Сондай-ақ, 2016  жылы ересектер арасынан өткен «САМБО» күресінен Азия чемпионатының ІІІ орын, 2022 жылы ересектер арасынан өткен «САМБО» күресінен Азия чемпионатының ІІ орын жүлдегері болды. Жуырда Семей қаласында өткен «САМБО» күресі біріншілігінің жеңімпазы атады. 

 Спортшыны құттықтауға арнайы келген ҚР Ұлттық ұланы спорттық командасын даярлау орталығының бастығы (бас жаттықтырушы) полковник Сәтжан Әбішев Елман Еркенұлына жүрекжарды тілектерін білдірді. 

Спорт біздің өмірімізді қызықтырақ ете түседі, дәл осы жерде нағыз ерге тән қайсар қасиеттер мен күш-жігер танылады, ал спорттық сайыстардың жеңімпаздары үлкен құрмет пен сыйға ие болады. Самбошылар - қазақтың көкбайрағын алты құрлықтың аспанында желбіреткен атпал азаматтар, Алаш жұртының қашанда үміті мен тілегін арқалап, ел мен жер абыройын қорғай білетін азаматтар. Солардың бірі біздің ұландық жауынгер Еламан Қойшыбаев. Ол тек әскеріміздің ғана емес, еліміздің де мақтанышы,-деді полковник Сәтжан Әбішев.

Келесі сөз кезегін алған 6655 әскери бөлімінің командирі полковник Мирас Турдалин спортшыны құттықтап, бағалы сыйлықтарды табыс етті. 

 Еламан әскери бөлім атын көптеген байрақты жарыстарда шығарып жүр. Өзі әскери қызметші ретінде, жалпы отбасылы азамат ретінде де жастарға үлгі. Антына адал, қызметіне берік. Бүгінде сарбаздарға жекпе-жек ұрыстың тәсілдерін үйретіп, әскери бөлімнің спорттық жетістіктеріне қосып келеді. Болашақта да Еламан Еркенұлы әлі талай спорттық белестерді бағындыратынына сенім мол,-деді әскери бөлім командирі.

Қойшыбаев Еламан Еркенұлы  1995 жылдың 18 қыркүйегінде Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласында қарапайым отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген.

Әкесі теміржол саласында қызмет атқарса анасы үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналасқан.

Еламан жастайына спортқа деген қызығушылығы оянып, ағасымен бірге қазақша күрес үйірмесне қатысып кішкентайынан бастап мектеп аралық сайыстардан жүлделі орындарға иеленіп, ерекше қайсар мінезімен көзге түскен. 

Мектеп бітірісімен спортты таңдаған Еламан 2017 жылы Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында Ұлттық ұлан қатарына шақырылған. Әскер қатарында жүріп та ол көптеген спорттық жетістіктерге қол жеткізді. Бір жылғы қызметтен соң ол келісімшарт бойынша қызметін жалғастыру мақсатында Ақтөбе қаласында орналасқан 6655 әскери бөліміне Әскери жасақ бастығы лауазымына тағайындалады. 2018 жылы Еламан, Ақбота есімді арумен отау құрып, бүгінгі күні Айару есімді қыздарын тәрбиелеп отырған ардақты әке, асыл жар.

Шара барысында спортшының отбасына құрмет көрсетіліп, жиналғандар ізгі тілектерін айтты. Салтанаттың соңы әскери бөлімнің өнерпаз ұжымымен дайындалған концерттік бағдарламаға ұласты. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы