Ақтөбеде автобустарға дабыл түймелері орнатылуда
Қоғамдық көлік жолаушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған пилоттық жоба бастау алды.
Ақтөбе қаласында қоғамдық көлік жолаушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған пилоттық жоба іске қосылды.
«Orsa Vision» ЖШС Ақтөбе облысының Полиция департаментімен бірлесіп, автобустардағы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін инновациялық жүйені таныстырды.
Автобус салонында бейнекамера мен дабыл түймесі орнатылған. Төбелес, бұзақылық, мас күйіндегі жолаушылардың әрекеті, автобусқа қауіп төндіру немесе өзге де төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргізуші дабыл түймесін басады. Сол сәтте Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына дабыл сигналы түседі: оператор экранында автобус салонындағы бейнежазба автоматты түрде ашылып, интерактивті картадан қоғамдық көліктің нақты орналасқан жері мен қозғалыс бағыты көрсетіледі. Жағдайды бейне арқылы бағалаған ЖБО инспекторы автобусқа ең жақын бос полиция жасағын дереу бағыттайды. Бұл оқиға орнына бару уақытын едәуір қысқартып, жағдай ушығып кетпей тұрып жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Біз Ақтөбе қаласының әрбір тұрғыны қоғамдық автобусқа отырған кезде өзін қауіпсіз сезінгенін қалаймыз. Бұл жүйе - жай ғана технология емес, бұл қиын сәтте жүргізуші мен полиция арасындағы тікелей байланыс, - дейді Ақтөбе облысы ПД цифрландыру және ЖИ басқармасының аға инженері Әділ Сәндібеков.
Қазіргі уақытта жүйе сынақ режимінде көрсетілімдік тексеруден өтуде. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша жүйені Ақтөбедегі барлық қоғамдық көлікке кезең-кезеңімен енгізу мәселесі қаралады.
Еске салайық, бұған дейін астаналық ер адам автобустағы балағат сөздері мен агрессивті әрекеті үшін 15 тәулікке қамауға алынды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Шахтинскіде автобус жүргізушісі мен жолаушы төбелесті
Ұлытау облысында директор ақыл-есі кем туысын мектеп автобусының жүргізушісі етіп жұмысқа алған
Алматыдағы автобус паркіне 13 миллион теңгеден аса айыппұл салынды