Ақтөбеде автобус жүргізушісі қызылға өтіп, жасөспірімді қағып кетті

Ақтөбеде маршруттық автобус жүргізушісі велосипедпен жолдан өтіп келе жатқан кәмелетке толмаған баланы қағып кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Ақтөбе қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ақтөбе қаласының орталығында №15 бағыттағы автобус жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағынан велосипедпен өтіп бара жатқан 14 жастағы мектеп оқушысын қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы қиылыста болған. Жүргізуші бағдаршамның қызыл жарығына қарамастан, жолдан өткен.

Ақтөбе қаласы Полиция департаментінен аталған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

Ақтөбе қаласында бағыттағы маршруттық автобус пен кәмелетке толмаған велосипедшінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Алдын ала мәліметтер бойынша, автобус жүргізушісі 2011 жылы туған баланы қағып кеткен. Апат салдарынан бала жарақат алып, медициналық мекемеге жатқызылды, - деді қалалық ПД баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов.

Жасөспірім ауыр жарақат алған: бас-сүйек ми жарақаты, 15 қабырғасы сынған, өкпесі зақымданған. Ол үш күн бойы жансақтау бөлімінде болды, қазіргі уақытта жалпы палатаға ауыстырылған.

Автобус жүргізушісі уақытша жұмыстан шеттетілді. "Автопарк" өкілдері оның жылдамдықты асырғанын растады. 

Ерболат Сарқұловтың сөзінше, қазіргі уақытта бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда.

Полиция ата-аналарға балалардың, әсіресе велосипедпен жүру кезінде жол ережелерін мүлтіксіз сақтау қажеттілігін еске салады. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін тұрақты бақылауды қамтамасыз етуді, балаларға жол қозғалысы ережелерін, бағдаршам сигналдарын сақтау қажеттігін еске салуды сұраймыз, - деп ескертті Полиция департаментінен.

Еске сала кетейік, Астанада 2 маусым күні сағат 21:40-та Республика даңғылының бойында қала ішінде жүретін жолаушылар автобусы жол апатына ұшыраған еді. Алдын ала деректерге сүйенсек, автобус жүргізушісі маневр жасау кезінде рульді басқара алмай, бағанға соғылған.

Аталған автобус апатынан зардап шегушілердің бірінің жағдайы ауыр екені де хабарланған болатын. Белгілі болғандай, сол қатты зардап шегіп, жағдайы ауыр халде болған жолаушы аяғынан айырылды.

Аталған оқиғаға қатысты елордадағы №1 автобус паркінде пікір білдірілді. Айтуларынша, жүргізуші бағанды байқамай соққан. Белгілі болғандай, жантүршігерлік жол апатынан кейін автобус жүргізушісі қамауға алынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы