Ақтөбеде ашылған субұрқақ бір ай ғана жұмыс істеді
Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта 31 тамызда ашылған музыкалық субұрқақ кеше жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ашылғанына бір ай уақыт болмаған отты және лазерлік фаер-шоу сүйемелдейтін жаңа субұрқақ күннің суытуына байланысты жабылды. Енді бұл нысан келер жылы жұмысын жалғастырады. Алайда қыруар қаржыға салынған субұрқақтың аз уақыт қана «жұмыс істеп», жабылғанына ақтөбеліктер наразы.
Кеше кешкі сағат 20.30-да отбасымызбен субұрқақты алғаш рет көруге барғанбыз. Бір сағат шоуды қарап, қайттық. Бүгін субұрқақтың жабылатынын естіп таңғалдық. Сонда миллиондаған қаржы құйылған субұрқақ бір ай мерзім жұмыс істеуі үшін салынды ма? Әлі халықтың тең жартысы субұрқақты көрген жоқ. Неге нысанды Халықаралық балалар күніне немесе Астана күніне орай ашпаған? Сонда тұрғындар жаз бойы субұрқақты көріп, жағасында тынығатын еді, — дейді қала тұрғыны Азамат Байділдин.
Ал зейнеткер Сақып Айтуғанның айтуынша, жаңа субұрқақ биыл қала сәніне айналған. Себебі түнгі мезгілде саябаққа ерекше көрік берген заманауи отты және музыкалық субұрқақ көздің жауын алады.
Биыл қаламызда субұрқақтардың көбі іске қосылмады. Бәрі қаңырап бос тұр, тіпті кейбіреуі қирап жатыр. Ал жаңа субұрқақ көңілімізді көтерді. Мұнда келіп әсем күйлер мен әуезді әндерді тыңдадық, — дейді ол.
Мердігер ұйым нысанды биыл екі айға жуық уақытта аяқтады. Субұрқақ жұмысы қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Мердігер ұйым субұрқақты қыс мезгіліне консервацияға жауып, келесі маусымда қайта қосуды міндетіне алып отыр, — дейді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, аталған субұрқаққа бюджеттен 454 млн теңге қаржы бөлінген. Мердігер ұйым — «Ақжол» ЖШС.