Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың ерлігіне тағзым етті

Ақтөбеде әскери қызметшілер, курсанттар мен қала тұрғындары Кеңес Одағының Батыры, атақты мерген Әлия Молдағұлованы еске алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Ол 1925 жылғы 25 қазанда Ақтөбе облысы Қобда ауданының Бұлақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың соңында майданға аттанады. 2-ші Балтық майданының 22-ші армия 54-ші жеке атқыштар бригадасында қызмет етті.

1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында неміс офицерімен болған жекпе-жекте қаза тапты. Қазақтың батыр қызы осы жерде өмірін қиған екінші жарақатын алса да, фашист офицерін жер жастандырып үлгереді.

Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне гүл шоқтары қойылды.

Іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров, қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының басшылығы, курсанттар, Ақтөбе гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері мен туыстары еске алды.

Өңір әкімі Асхат Шахаров Әлия Молдағұлованың мерейтойы республикалық іс-шаралар тізіміне енгізілгенін атап өтті. Облыстық деңгейде жүзден астам бұқаралық, мәдени, патриоттық, әскери-спорттық және халықаралық іс-шаралар өтеді. Туған ауданында әлеуметтік-мәдени нысандар жөнделіп, салынады.

Біз жерлесімізді мақтан тұтамыз. Оның есімі қала көшелеріне және облыс орталығындағы мемориалдық мұражайға берілген. Батыр туралы көркем шығармалар да жетерлік. Әлия батылдық пен жанқиярлықтың символына айналды, оның есімі мәңгілік, – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы полковник Тимур Еспағанбетов.

Бүгін қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған іс-шаралар барлық жерде өтуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы