Ақтөбеде алимент төлеуден жалтарған борышкерлерге қатаң шаралар қолданылуда

Биыл ақтөбелік сот орындаушылар алиментін төлемеген борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін сотқа 43 ұсыныс жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық әділет департаменті сот орындаушылар қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы Әсел Иманқұлованың айтуынша, бүгінде Ақтөбе қаласындағы алимент өндіру бойынша кеңсе қызметіне 18 жеке сот орындаушы жұмылдырылған. 

Олар биылғы жылдың І тоқсанында алимент өндіру туралы 14 990 атқарушылық істі жүргізген. Қазіргі таңда 13 975 атқарушылық істі қарап жатыр.

Қазір кәмелет жасқа толмаған балаларын асырау үшін алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлер көп. Мәселен, биыл 86 борышкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 669-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 73-іне – қамау, 13-іне айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Сот орындаушылар Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 43 ұсыныс жолдап, соның негізінде 3 ұсыныс сотпен қаралып, үкім шығарылды. Ал 20 ұсынысты полиция департаменті қысқартса, 20 ұсынысты осы департамент қарап жатыр, - дейді ол.

Ал жеке сот орындаушы Алмас Кулшановтың айтуынша, жыл басынан бері облыста жұмыспен қамту орталығына 354 борышкер жолданып, соның 319-ы жұмысқа орналасқан және 33 борышкер жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл шаралар борышкерлердің жұмыс істеп, алимент төлеуі үшін ұйымдастырылған. 

Биыл жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, облыста алимент төлеуден жалтарған борышкерлерді анықтау, ұстау және қамауға алу бойынша рейдтер жүргізді. Нәтижесінде 127 115 541 теңге алимент өндірілді, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы