Ақтөбеде әлеуметтік сұйытылған газ қымбат бағада сатылған
Ақтөбе облысының Хромтау қаласында кәсіпкер газ тапшылығын пайдаланып, құны 59 теңге тұратын әлеуметтік сұйытылған газды 70 теңгеден сатқан, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Самара-Шымкент» трассасы бойында орналасқан жанармай құю бекетінен қымбат бағаны байқаған қала тұрғыны шағым қалдырды.
Осы жағдайға қатысты түскен материалдар негізінде Ақтөбе облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті істің мән-жайын мұқият зерттеп, жанармай құю бекетінің әрекеттері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 193-бабының 4-бөлігін бұзатынын анықтады. Жанармай құю станциясының иесіне әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Сұйытылған газ Ақтөбе облысындағы автокөлік иелері арасында үлкен сұранысқа ие. Облыста 50 мыңнан астам газбен жүретін көлік тіркелген, оған қоса транзиттік көліктер. Соңғы уақытта сұйытылған газды тұтынудың өсуіне байланысты автогаз құю бекеттерінде газ тапшылығы байқалады. Осы орайда кейбір кәсіпкерлер б жағдайды пайдаланып, артық пайда табуға тырысып жатыр. Дегенмен бағаны негізсіз өсіруге, әсіресе тапшылық туындаған сәтте өнімнің құнын арттыруға болмайтынын кәсіпкерлердің тағы бір есіне салғымыз келеді, - деді өңірлік департамент басшысы Қайрат Райымқұлов.
Сонымен қатар сауда заңнамасына мемлекеттік бақылау жүргізу аясында ел аумағында баға белігісінде көрсетілген бағадан қымбат тауар сатқан 68 кәсіпкерлік субъектісін жауапкершілікке тартты. Бұл шаралар тұтынушылардың құқықтарын қорғау және баға саясатының заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақтөбе облысы бойынша осындай құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда 8(7132)54-81-26 телефоны арқылы департаментке хабарлауыңызды сұраймыз.немесе «E-otinish» порталы арқылы жазбаша арыз-шағым қалдыруға болады.