Ақтөбеде абаттандыру ережесін бұзғандарға айыппұл салынып жатыр
Ақтөбе облысында тазалық сақтамай, қоршаған ортаға зиян келтіргендерге жыл басынан бері 52 млн теңгеден астам айыппұл салынған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, биыл облыс бойынша департамент мамандары абаттандыру жұмыстарына қатысты 4800-ден астам бұзушылық дерегін тіркеген. Оның ішінде 3400-ге жуық бұзушылық дерегі бойынша тұрғындарға жалпы мөлшері 52 087 760 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Қазіргі таңда осы бұзушылықтардың 44,1 пайызы қалпына келтіріліп, 22 миллион теңгеден астам айыппұл өтелді. Мұның ішінде қазір Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасының 434-бабы 2-бөлігі бойынша «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» дерегі бойынша заң бұзғандардың 39 пайызы ғана айыппұл төлеп отыр. Сондай-ақ облыс бойынша абаттандыру ережесін бұзған 1453 адамға ескерту берілді, - дейді Саймағамбетов.
Бүгінде Ақтөбе облысында тазалық екіайлығы жарияланып, апта сайын сенбіліктер өткізілуде. Өткен сенбіде тұрғындар, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері сенбілікке шықты.
Заречный ауылының тұрғындары қаланың тазалығына қатысты бірқатар шағымын жеткізді.
Жыл сайын күз-көктем сенбілікке шығамыз. Алайда қала іші жыл өткен сайын азып барады. Жолдардың сапасы көңіл көншітпейді, тал-теректер қоры азайып барады, гүл, жасыл желек егілмейді. Тротуарлар, жолдар әктеліп, жуылмайды. Балаларымыз сабақтан келгенде үсті-басы шаң-шаң болып келеді. Жалпы, қазір Ақтөбенің экологиялық жағдайы алаңдатуда. Жазда шаң, көктемде су, қыста қардан көз ашпаймыз, - дейді Заречный ауылының тұрғыны Ләйлә Дүкенова.