Ақтөбеде 85 адам жазатайым оқиғалардың «құрбаны» болды

Жыл басынан бері Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарда 58 жазатайым оқиға болған. Нәтижесінде 85 адам зардап шеккен, оның 14-і – әйел адам. Биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз. Дегенмен өңірдегі кәсіпорындарда әлі де болса жазатайым жағдайлар азаймай отыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Искариннің айтуынша, облыстағы өндіріс орындарында болған жазатайым оқиғалардың күрт өсуінің басты себебі – жол-көлік оқиғалары. Биыл осындай жағдайлар салдарынан 7 оқиға тіркеліп, нәтижесінде 34 адам зардап шеккен. 

Облыста жазатайым оқиғалар тіркелген кәсіпорындар арасында зардап шеккен жұмысшылардың дені мұнай-газ өнеркәсібі кәсіпорындарында (32 адам), одан кейін тау-кен металлургия мен құрылыс саласында (22 адам) жұмыс істейді. Биыл осындай оқиғалар салдарынан зардап шеккен 85 адамның ішінде 9 адам көз жұмды. Оның ішінде біреуі – әйел адам. Өткен жылы дәл осындай оқиғалар салдарынан 91 адам қаза тапқан болатын. Олардың ішінде әйел адамдардың саны – 3, — дейді Талғат Искарин.

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері 58 адам жұмыс кезінде әр түрлі дене жарақатын алған. Осындай оқиғалар туралы құқық қорғау органдарына 67 материал жолданыпты. Оның 15-і сотқа дейінгі тексеруге жіберілген.

Жыл басынан бері Ақтөбе облысындағы 25 кәсіпорында осындай жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін және жұмысшылардың біліктілігін бақылап, қауіпсіздік шараларын анықтау үшін өндірістік нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ биылғы жылдың тоғыз айында «Еңбек тәуекелдері картасына» өңірдегі 10 кәсіпорын кіргізіліп, оның алтауындағы бірқатар мәселе оң шешімін тапты. Мәселен, облыстағы «Mining Inert Materials», «Қазақойл Ақтөбе», «ҚазсервисГрупп», «Алғашқы көмек», «КТП Транс», «Батыс Мұнай С Групп», «КТП», «Bolashak 07», «КМК Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «СНПС-АқтөбеМұнайГаз» акционерлік қоғамының ішінде 3 кәсіпорын өз жұмысшыларына уақытында жалақы төлемей, берешек болса, 7-еуі жұмысшыларға жалақыларын өсірмей, еңбек шарты бойынша ешқандай жағдай жасамаған. Осы және басқа да мәселелер төңірегінде биыл біздің басқармаға 1500-ге жуық шағым түсті. Нәтижесінде біз 300-ден астам тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде аталған кәсіпорындардан 550-ден астам заңбұзушылық дерегін анықтадық. Бұл өндіріс орындарының барлығына біздің тарапымыздан ескерту берілді, – дейді басқарма басшысының орынбасары. 

Оның айтуынша, биыл облыстағы 12 кәсіпорын өз жұмысшыларына берешек  80,9 миллион теңге көлеміндегі еңбекақыларын өтеген. Бұл кәсіпорындар қатарында құрылыс, мұнай-газ саласындағы өндіріс орындары мен білім, денсаулық сақтау саласы бойынша қызмет ететін мекемелер бар. Алдағы уақытта осындай жағдайдың қайталанбауы үшін басқарма аталған кәсіпорындардың басшылығымен тұрақты түрде жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы