Ақтөбеде 25 жұмысшы мінген автобус суға кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде вахталық автобус суға кетті. Абырой болғанда, ондағы 25 адам аман қалды, деп хабарлайды Астана арнасы.

Вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмысшылар екі көлікпен үйлеріне қайтып бара жатқан. Жолды қысқарту үшін қыс бойы өзеннің тайыз жерінен өтіп жүрген олар бұл жолы көктемгі тасқынды ескермесе керек. Судың ортасына жеткенде көліктері жүрмей қалған. Адамдар көмек келгенше су толған автобустың төбесіне шығып тұрған.

Оларға Жем өзеніндегі өткел арқылы өтуге тыйым салынғанын ескерттік. Соған қарамастан, екі вахталық көлік судың үстімен өтпекші болған. Бірақ, судың ортасына жеткенде көліктері жүрмей қалған. Жұмысшылар құтқарылды, машиналары сол жерде  қалды, – деді Ақтөбе облыстық ТЖД басшысының орынбасары Құмар Тұрмағамбетов.

Сонымен қатар Алға ауданында бір үйір жылқы құтқарылды. Олар Елек өзенінің бойында жайылып жүрген. Су көтеріліп, өзен арнасы толған кезде жылқылар су ортасында, жағалаудан 400 метр жерде қалып қойған. Жылқылар әуелі моторлық қайықпен барған құтқарушылардан үркіп қаша бастапты. Бірақ жігіттер айғырға арқан салып, үйірімен бірге  жағаға шығарып алған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы