Бүгiн 2026, 11:36
Фото: gov.kz
Ақтөбеде 1,9 гектар пайдаланылмаған жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды
Жер иесіне жер телімін игеру туралы тиісті нұсқама берілген, алайда ол орындалмаған.
Ақтөбе облысының жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында, Ақтөбе қаласында орналасқан жалпы көлемі 1,9 гектарды құрайтын, нысаналы мақсаты «көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін» берілген жер телімінің ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай бос жатқандығы белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жер иесіне жер телімін игеру туралы тиісті нұсқама берілген, алайда ол орындалмаған. Әкімшілік жауапкершілікке тартқаннан кейін, департамент тарапынан жер учаскесін мәжбүрлі түрде алып қою туралы сотқа талап-арыз берілді.
Нәтижесінде, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Департаменттің талап-арызы толықтай қанағаттандырылып, жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Сондай-ақ министрлік әрбір жер иесі мен жер пайдаланушыға өздеріне тиесілі жерлерді нысаналы мақсатына сай әрі тиімді пайдалану, сондай-ақ барлық заң бұзушылықтардың алдын алу қажеттігі жөнінде ескертеді.