23 Тамыз 2026, 20:55 Фото: Көлік министрлігі

Ақтөбе вокзалының аумағы қайта жаңғыртудан кейін 140 шаршы метрден астамға ұлғайды

Ақтөбеде теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.

Ақтөбе облысында Ақтөбе теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жаңартылған кешеннің салтанатты ашылуы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының алаңында өтіп жатқан жалпыұлттық онлайн-марафон аясында өтті. Іс-шараға ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты.

Жаңартылған вокзал кешені заманауи талаптарға сай жабдықталған. Қайта жаңғырту барысында жолаушылардың қауіпсіздігіне, қолжетімділікке және қызмет көрсету сапасына ерекше назар аударылды.

Ақтөбе теміржол вокзалы 1976 жылы салынған. Қайта жаңғырту нәтижесінде оның жалпы аумағы 142,5 шаршы метрге ұлғайып, 7 235 шаршы метрден 7 377,5 шаршы метрге жетті. Кешен – жертөле және техникалық қабаттары бар, жалпы биіктігі 23,7 метр болатын алты қабатты ғимарат.

Жұмыс барысында ғимараттың қасбеті мен шатыры, ішкі бөлмелері және инженерлік жүйелері жаңартылды. Сондай-ақ вокзал маңындағы аумақ абаттандырылып, перрон инфрақұрылымы жаңғыртылды.

Кедергісіз орта қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінді. Ғимаратқа лифтілер мен эскалаторлар орнатылып, жолаушылардың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қабаттар арасында және вокзалдың негізгі аймақтарында еркін жүріп-тұруына жағдай жасалды.

Сонымен қатар кіреберіс бөлігі, билет кассалары, күту залдары мен санитарлық бөлмелер жаңартылды. Жолаушылардың перронға ыңғайлы әрі қауіпсіз өтуі қамтамасыз етілді.

Жоба аясында кәріз, сумен және жылумен жабдықтау, электр желілері мен әлсіз ток жүйелерін қоса алғанда, инженерлік инфрақұрылым кешенді түрде жаңғыртылды. Жолаушылардың жайлы уақыт өткізуі үшін қажетті жиһаздар мен жабдықтар орнатылды. Қайта жаңғырту кезінде отандық өндіріс материалдары пайдаланылды.

Ақтөбе вокзалы кластан тыс санатқа жатады. Тәулігіне орта есеппен 4 724 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Ақтөбені Астана, Алматы, Орал, Маңғыстау, Бейнеу, Тараз, Шу, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Көкшетау, Бурабай курорты және Атыраумен байланыстыратын 34 жолаушылар пойызы қатынайды.

Бұдан бөлек, вокзал Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан бағытындағы халықаралық пойыздарға қызмет көрсетеді.

Вокзалды қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, жолаушылар мен теміржол саласы қызметкерлеріне жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ өңірдің негізгі көлік инфрақұрылымы нысандарының бірін жаңартуға бағытталған.