Ақтөбе су тасқынына дайын ба?

Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынына қарсы шаралар қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері облыстың үш ірі су қоймасында көктемгі су тасқынын өткізуге арналған сыйымдылық қоры сақталғанын жеткізді. Мәселен, бүгінде қала аумағындағы Ақтөбе, Сазды және Қарғалы су қоймаларындағы су көлемі 32 пайыздан 54 пайызға дейін жетіпті.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қазір департамент мамандары көктемгі су тасқынының алдын алу үшін жанар-жағармай, инертті материалдар қорын дайындап жатыр. Облыстың барлық дерлік елді мекендерінде қар шығару жұмыстары жүргізілуде.

Осы бағыттағы жұмыстарды тиімді жүргізу үшін су тасу қаупі бар аймақтарды қорғау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Сол жоспар бойынша бүгінде мамандар алдын алу жұмыстарын жүргізіп, су мөлшерін, қардың қалыңдығын басты назарда ұстап отыр.

Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті биылғы су тасқынының алдын алу үшін 1600-ге жуық адам, 500-ге жуық техника, тұрғындарды эвакуацияланған жағдайда оларды орналастыратын 84 ғимарат әзірлеп отыр.

Биыл Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыс аудандарында су басу қаупі бар 20 учаскені анықтаған. Олардың ішінде 10 учаске Ақтөбе қаласы аумағында орналасса, 4 учаске Ойыл ауданында, 2 учаске Темір ауданында, бір учаске Әйтеке би ауданында, бір учаске Алға ауданында, сондай-ақ бір учаске Мәртөк ауданында анықталып отыр.

Ойыл аудандық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл аудандағы Ойыл өзенінің тасу салдарынан су басу қаупі бар 4 елді мекен анықталған. Оларда жалпы саны 2 мыңнан астам тұрғын тұрады.

 Бірінші ауыл —  Екпетал елді мекені. Ауылдың аумағы — 19 гектар, халық саны — 366 адам, мұнда 45 түтін бар.  Ауыл маңындағы бөгет 1969 жылы салынған,  ұзындығы — 3200 метр, орташа биіктігі — 1,6 метр, 2005 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген, өткен жылы көктемгі су тасқыны кезінде бөгетті қосымша көтеру жұмыстары жүргізілді, техникалық құжаттары жасалмаған, 5 жерде қауіпті аймақ анықталып отыр. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы — бөгеттің техникалық құжаттарын жасақтап, күрделі жөндеу жүргізу. Ал екінші ауыл — Қараталда 1190 адам тұрады. Өткен жылы Қаратал ауылының су басу қаупі бар батыс жақ беткейіне ұзындығы 500 метр, биіктігі 1,5 метр уақытша бөгет салынды. Одан кейінгі Шығанақ Берсиев ауылдық округінің Қарасу елді мекенінде 127 тұрғын, ал Саралжын ауылдық округінің Ақкемер ауылында 514 адам бар. Бұл елді мекендерде қорғаныс ретінде топырақ үйіндісін көтеру жұмыстары жүргізіледі.  Осы мақсатта жеткілікті мөлшерде қапшықтар, инертті материалдарды алдын ала дайындау шаралары жүргізіліп жатыр. Былтыр бұл мақсатқа 6,5 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Бүгінгі таңда су тасқыны кезеңінде пайдаланылатын құрал жабдықтар жарақты күйде тұр. Олардың қатарында мотопомпалар, қайықтар, құтқару шеңберлері мен қапшықтар бар. Қажетті 13,9 тонна жанар-жағармай қоры да жасақталды, — дейді аудан басшысы А.Қазбаев.

Оның айтуынша, елді мекендерді су тасқынынан қорғау мақсатында құрамында 145 адамы бар азаматтық қорғау қызметі құрылған. Бұл жасақ 17 техника, 5 қайық, 15 судан құтқару жабдықтары, 19 мотопомпа, 150 дизелді су сору насосымен жабдықталған. Су тасқыны кезінде адамдарды орналастыру үшін сыйымдылығы 2025 адам 12 орналастыру орны  белгіленді, төсек-жабдықтары дайын.

Ойыл-Қаратал автокөлік жолының астына үш жерде су өткізгіш салу жоспарланып, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары жасалып, бүгінгі таңда сараптамадан өткізілуде. Биыл 6-7 қаңтардағы толассыз жауған жаңбыр мен еріген қар суының  шамадан тыс көп болуына байланысты дамбы астындағы екі су өткізгіштен ағынды су өтіп үлгермей, екі ауыл арасындағы  салынған дамбы бойын қуалап,  Көптоғай ауылына кірген болатын. Арнайы су шаруашылығы мамандарының ұсынысы негізінде су өткізу көлемін ұлғайту мақсатында 24-26 қаңтар күндері дамбы астына демеушілік қаржы есебінен диаметрі 1,3 метр , ұзындығы 11,0 метр болатын қосымша екі су өткізгіш труба  сатып алынып, салынды. Қазір Көптоғай ауылына қыраттан келетін еріген қар суынан қорғалу мәселесі шешіліп отыр. 2023 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алуға ауданда 16,1 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр, — дейді А.Қазбаев.

Аумағында су басу қаупі бар бір учаске орналасқан Әйтеке би ауданы қазір көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Ауданда тасқын суға қарсы 150 тонна инертті материал, 20 тонна жанар-жағармай, су басқан жағдайда тұрғындарды орналастыратын орындар жасақталған. 

Біздің ауданның аумағында Самара-Шымкент және Ақтөбе-Қостанай республикалық автокөлік жолдары орналасқан. Олардың бойымен 163 су өткізгіш құбыры өтеді. Осы автомобиль жолына жауапты «Қазақавтодор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жыл сайын және көктемгі кезеңде су өткізу құрылыстарының жайын тексеріп, арықтарға тазарту жұмыстарын жүргізеді. Бл бағытта қазір ешқандай мәселе жоқ. Аудандағы қауіпті деп саналатын аумақтарды көктемде күндіз-түні күзететін боламыз. Болжам бойынша биыл онша қауіп жоқ, — дейді Әйтеке би аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы І.Жолымбетов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: aqtobegazeti.kz.
Өзгелердің жаңалығы