Ақтөбе су тасқынына дайын ба?
Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы шаралар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен екі жылда Ақтөбе облысында бірнеше ауданды су басып, көп адам зардап шеккені белгілі. Былтыр облыс орталығындағы саяжайлардың көбі су астында қалып, тұрғындар баспанасыз қалды.
Биыл осындай оқиғаның қайталанбауы үшін төтенше жағдайлар департаменті тасқынға қарсы шараларды ерте бастап кетті.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Әлішер Сарбаевтың айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында биыл облыста жалпы саны 135 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Қазір соның 115-і іске асырылған, 12-сі бойынша жұмыстар жүргізілуде, ал қалған 8 іс-шара бойынша жұмыстар әлі басталған жоқ.
Су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы аясында биыл облыс бойынша ұзындығы 45,3 шақырым болатын өзен арнасы жағалауын нығайту, түбін тереңдету, тазарту, 38,7 шақырымдық қорғаныс бөгеттерін салу, 32 шақырымдық қорғаныс бөгеттерін жөндеу, 18,1 шақырым нөсер кәрізін салу, 37,7 шақырым су бұру арналарын салу, 152,1 шақырымдық арықтар мен каналдарды тазарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ 155 су өткізу құбыры орнатылып, жөнделді. Әкімдіктермен бірлесіп жалпы саны 2445 адамнан тұратын күштер тобы құрылды. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстарға 856 техника, 102 жүзу құралы, 441 мотопомпа дайын тұр, - дейді ол.
Әлішер Сарбаевтың айтуынша, жыл басынан бері облыста 148 561 текше метр қар шығарылған.
Азаматтық қорғау саласының мамандары биыл Ақтөбе облысында қалың қар жаумағанын, ауа райы қалыпты болып тұрғанын, су тасқыны болатындай қауіп жоқ екенін айтады. Дегенмен апат айтып келмейді. Ал департаменттің дайындығын уақыт көрсетеді.