Ақтөбеде қоғамдық қабылдау тағы екі күнге ұзартылды

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Астанадағы болған қайғылы оқиғадан кейін ақтөбелік көп балалы аналар да мәселелерін айтып, әкімдікке барған болатын. Осыған орай, облыс орталығында  екі күннен бері қоғамдық қабылдау өтіп жатыр. 

Дүйсенбіден бері 2100-ден көп ақтөбелік жергілікті билік пен коммуналдық қызмет өкілдерінің қабылдауында болған. 2267 түрлі мәселе айтылды.

Ақтөбе тұрғындарын мазалайтын мәселелердің бастысы – баспана. Одан кейін, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, денсаулық сақтау, білім беру салаларына қатысты. Екі күнде жергілікті әкімдік қызметкерлері мен коммуналдық қызмет өкілдері 2 мыңнан астам адамды төрт жерде қабылдады. Қоғамдық қабылдауға келгендердің көбі - көп балалы аналар. Өңірде қазір 9 420 көп балалы ана бар. Бұл ресми тіркелгендері ғана. Олардың 70 пайызы қала шетіндегі аумақтарды мекендейді.

«Мен қала тұрғынымын. 8 балам бар. Отбасымда 3 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Жұбайым да мүгедек. Бүгінге дейін әкімдікке де, тіпті Астана қаласындағыларға да өтінішімді айтып жаздым. Нәтиже болмады. Қала әкімінің халыққа есебінде өтінішімді жазбаша түрде тастап кеттім. Қоғамдық қабылдауға тағы да келдім. Қазір отбасыммен пәтер жалдап тұрамыз. Баспанам жоқ»,-дейді көп балалы ана Салтанат Сәдуова.

«29 жастамын. Менің де 8 балам бар. Қазір ауылдық жерде тұрамын. Ақтөбе қаласының тұрғыны ретінде пәтер кезегіне 2016 жылдың наурызында 8644-ші болып тіркелдім. Бірақ былтыр қарашада сот шешімімен кезектен алып тастаған. Ауылымызда газ да, байланыс та жоқ. Пеш жағамыз. Балаларым үшін алаңдаймын. Бүгін қоғамдық қабылдауға 8 баламды тастап келіп тұрмын. Үміт бар ғой. Ауданға да үй кезегіне 357-ші болып тұрмын. Екі жыл болды, бірақ әлі жылжымады. Баламның үлкені 12 жаста, кішім 2 жаста. Өзім жұмыссызбын. Жолдасымда тұрақты жұмыс жоқ»,-деді көп балалы ана Гүлмайса Ақадиева.  

Қоғамдық қабылдау кезінде 1127 ақтөбелік пәтер кезегіне алынды. 300-ге тарта денсаулық сақтау және білім салаларына қатысты сұрақтар қаралған. 10 баланы мамандар бірден балабақша кезегіне алып, 6 оқушы тегін тамақпен қамтылатын болды.

«Халықтық кеңседе тұрғындарды облыстық басқармалардың мамандары қабылдады. Мұнда екі күн бойы 280 адамды қабылдадық. 114 сұрақ тұрғын үйге қатысты болды. Баспана кезегінде тұрмаған азаматтарды заңнамаға сәйкес кезекке тұруға көмек көрсетілді. Қалғандарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік қолдау сұрақтары бойынша 54 азамат келді. Аранйы бөлімдер арқылы құжаттары қабылданды»,-деді Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Гүлзада Алматбаева.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылғы мәселелері де өзекті. 120 ақтөбелік келген. Кейбір тұрғындарға отынмен көмек көрсетілген. Облыс орталығындағы қоғамдық қабылдау тағы екі күнге созылды. 14-15 ақпан күндері Алматы, Астана аудандарының әкімдіктерінде, Халықтық кеңсе ғимараты мен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында жалғасады.

Әсел АБАТ

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы