Ақтөбе қашан қоқыстан арылады?
Ақтөбе қаласында қоқыс жинау, өңдеу мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін тұрғындар қоқыс уақытылы шығарылмай, соның салдарынан Ақтөбе лас қалаға айналғанын айтқан-ды. Қазір бұл мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Дегенмен қоқыс жинау мәселесі әлі де өзекті. Мәселен, облыстық мәслихат отырысында қаланың екі ауданын қоқыстан тазарту мәселесі талқыланды.
Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Алмас Жақсылықовтың айтуынша, былтыр аудандағы 145 қоқыс алаңына жөндеу жұмыстары жүргізілген. 1347 еуроконтейнер сатып алынған. Ал биыл 844 еуроконтейнер сатып алынып, 344-і қажетті аумақтарға қойылған.
Келер жылы 500 еуроконтейнер сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ аудан әкімдігі қосымша сұрыптауға арналған 400 контейнер сатып алуға дайын. Дегенмен қалада сұрыптау және өңдеу зауыттарының жоқтығына байланысты мұндай контейнерлерді орнату қажет емес. Өйткені олардан жиналған шикізаттар қалалық қоқыс полигонына тасталуда және бюджетке шығын әкеледі, — дейді ол.
Биыл Астана ауданының аумағында 35 стихиялық қоқыс үйіндісі анықталды. Оның 29-ын «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ, алтауын экология департаментінің мамандары анықтаған. Жуырда әкімдік 14 учаскедегі қоқыс үйінділерін толықтай жойды. Дегенмен қалған учаскелер әлі тазартылмаған.
Ал Алматы ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Жаңбыровтың айтуынша, бұл ауданда 217 қоқыс алаңы мен 1270 контейнер бар.
Биыл 1400 еуроконтейнерді қосымша қажет ететін орындарға қойып жатырмыз. Сондай-ақ 35 қоқыс алаңына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олар Құрмыш, Қарғалы, Кірпішті, Балауса тұрғын алаптарында орналасқан. Биыл қоқыс алаңдарына 88 бейнебақылау камерасы қондырылды, — дейді ол.