«Ақтөбе – Қандыағаш» тасжолының 89 шақырымдық бөлігі ақылы болды
Ақылы учаскеде жеңіл көлікпен жүру құны алдын ала төлегенде шамамен 240 теңге болады. Жергілікті тұрғындарға жылдық абонемент қарастырылған.
15 қарашадан бастап республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қандыағаш» автожолының ұзындығы 89 шақырым болатын учаскесінде жол жүру ақылы болды. Бұл бөлік қолданыстағы «Қандыағаш – Мақат» ақылы тасжолының құрамына қосылды. Енді оның жалпы ұзындығы 469,5 шақырымға жетті.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, жолдың 11+000 және 87+200 шақырым аралығындағы бөлігінде көліктің барлық санаты үшін ақы алынады. Ал тасжолдың қалған бөлігінде тек автобустар мен жүк көліктері ақылы негізде жүреді. Жеңіл автокөліктер үшін ол учаскелерде жол жүру тегін.
Жеңіл автокөлікпен ақылы бағыттың барлық учаскесінен бір бағытта жүру құны алдын ала төлем жасағанда шамамен 240 теңге, ал сапардан кейін төлеген жағдайда 276 теңге болады.
Жол бойына көліктердің мемлекеттік нөмірін автоматты түрде тіркеп, жол жүру ақысын есептейтін 10 бақылау аркасы орнатылған.
«ҚазАвтоЖол» алдын ала төлем жасау арқылы жол жүру шығынын үнемдеуге болатынын еске салды. Ол үшін көлік балансын kaztoll.kz сайты, банк қосымшалары немесе басқа да ресми төлем сервистері арқылы алдын ала толықтыру ұсынылады.
Ақылы учаскеге іргелес елді мекендер мен аудандарда тіркелген көлік иелеріне жеңілдікпен абонемент алу мүмкіндігі қарастырылған. Жеңіл автокөліктер үшін жылдық абонемент құны – 1 АЕК, яғни 4 325 теңге. Ал автобустар мен жүк көліктеріне арналған айлық және жылдық абонементтердің бағасы көлік санатына қарай белгіленеді.
Ақылы жолдардан түскен қаражат жол инфрақұрылымын күтіп ұстау мен жөндеуге, сондай-ақ арнайы техника сатып алуға жұмсалады.
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге сапар алдында көлік балансының жеткілікті екенін тексеріп, мүмкіндігінше жол ақысын алдын ала төлеуге кеңес береді.
Тарифтер, төлем тәсілдері және абонемент рәсімдеу тәртібі туралы толық ақпаратты kaztoll.kz сайтынан немесе тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 тегін нөмірі арқылы білуге болады.