"Ақтөбе-Қандыағаш" күре жолының учаскелерінде қозғалыс ашылды
Ақтөбе өңірінде "Ақтөбе-Қандыағаш" күре жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Республикалық маңызы бар автожолдың 45 шақырымына жаңа асфальт жабыны төселіп, қозғалыс ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрылыс жұмыстарына 500-ге жуық адам және 335 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын екі мердігер ұйым жүргізіп жатыр.
Қайта жаңарту жұмыстары аясында мердігер ұйымдар 18 көпір, 16 мал айдау өткелін және 60 су өткізгіш құбыр салады.
Естеріңізге сала кетейік, құрылыс-монтаж жұмыстары өткен 2021 жылдың көктемінде басталды. Қайта жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін трассаның жалпы ені 18 метрді құрап, күре жол төрт жолақты болады. Қайта жаңарту жұмыстары екі учаскеде жүріп жатыр: 11-ден 52-ші шақырым аралығы және 52-ші шақырымнан Қандыағаш қаласына дейін. Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау келесі жылға жоспарлануда.
Сонымен қатар, биыл "ҚазАвтоЖол"ҰК" АҚ Ақтөбе облыстық филиалы жалпы ұзындығы шамамен 65 шақырымды құрайтын М-32 "РФ шекарасы (Самараға)-Шымкент" күре жолының екі учаскесін орташа жөндеу жұмыстарымен қамтыды. Оның 34 шақырымы биылғы шілде айында пайдалануға берілді. Осы айда барлық жұмыстарды аяқтап, қалған 30 шақырымды пайдалануға беру көзделіп отыр.
Өңірдегі республикалық жолдарды салу үшін барлық материалдар жергілікті кәсіпорындардан сатып алынатынын атап өткен жөн.