«Ақтөбе-Қандыағаш» бағытындағы жол ақылы болуы мүмкін

Ақтөбе облысы, BAQ. KZ тілшісі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Марат Махамбетов ұлттық компанияның журналистерге арналған баспасөз туры барысында айтты.

Қазір «Ақтөбе-Қандыағаш» бағытындағы жолда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы жолдың 18 шақырымы пайдалануға берілді. Құрылыс  жұмыстарын 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жол 4 жолақты болады. 

Марат Махамбетовтың айтуынша, жол пайдалануға берілген соң оны ақылы қылу жоспарланып отыр.

Дәл қазір Ақтөбе облысында әзірге ақылы жолдар жоқ. «Ақтөбе-Қандыағаш», «Қандыағаш-Мақат» жолдары аяқталған соң оны ақылы етуге мүдделіміз. Жолдың сапасы жақсы болса, мемлекеттік қаржыландырудан шығу үшін ақылы ету тәжірибесі бар. Осылайша, жолдар өзін-өзі қамтамасыз етеді. Біз автомобиль жүргізушілерімен де бұл мәселені талқыладық. Олар да жол қауіпсіз әрі сапалы болса, ақылы етуіне қарсы емес, - деді Махамбетов.

Филиалдың жетекшісі атағандай, құрылыс жұмыстарына 64 млрд теңге бөлінген. 

Құрылыс жұмыстарын 2 мердігер компания жүзеге асырып жатыр. Өңірде республикалық маңызы бар жол 1896 шақырым. Оның 303 шақырымында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Марат Махамбетов.

Айта кетейік, мамырдың 19-ында өткен Үкімет отырысында  Премьер-министр Әлихан Смайылов «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға жол қауіпсіздігіне қатысты жұмысты күшейтуді және құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы