Ақтөбе қаласында жайлы аялдамалар неге аз?

Ақтөбе қаласында тұрғындар қыста суықтан, жазда аптап ыстықтан қорғанатын аялдамалар саны аз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы жылдары Ақтөбе қаласында аялдамалардың көбі жаңадан орнатылып, бірқатары жөнделді. Соған қарамастан олардың жайлылығы мен жылылығына жолаушылардың көңілі толмайды.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұржан Сембиннің айтуынша, қаланың ескі бөлігіндегі көп аялдама суықта адамдарға пана болмайды, ал ыстықта күннен қорғамайды. Жаңбыр жауғанда төбесінен су ағады. 

20 жылдан бері қаланың ескі бөлігінде тұрамын. Көбіне автобуспен жүремін. Біздің үй жағымыздағы (Берсиев көшесі) аялдама тұрған тек қаңқа. Қатты жел я боран соқса ұшырып әкетердей болып тұрады. Кейде балалардың қауіпсіздігі үшін қорқамыз. Биыл көктемде қаламызда оқыс оқиға болып, аялдамада тұрған бірнеше адам жараланғаны белгілі. Сондықтан қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы осындай оқиғаның қайталанбауы үшін аялдамалар мен олардың маңында орналасқан жарнама тақталарының қауіпсіздігін, дұрыс орнатылуын қадағалауы қажет. Сондай-ақ қаланың тазалығына да мән берілсе екен дейміз, — дейді Нұржан Сембин.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіковтің айтуынша, бүгінде қалада 820 аялдама бар. Оның ішінде жылы аялдамалар саны — 16.

Биыл қаламызда жаңадан 56 аялдама орнатылып, 100-ге жуығы жөнделеді. Осы мақсатқа бюджеттен 200 миллион теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ биыл жыл соңына дейін «Автопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 80, «Қала Транс» компаниясы 15 «Ютонг» маркалы автобус сатып алады. Қазіргі таңда жолаушылар тасымалымен айналысатын 5 мекемеде жалпы саны 278 автобус бар, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы