Ақтөбе орман шаруашылығының тракторшылары аз жалақы алып жүр

Ақтөбе облысында орман шаруашылығындағы жұмысшылардың еңбекақысы әлі күнге дейін өспей келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе орман шаруа­шылығының қызметкері, тракторшы Беркін Саришанов 85 мың теңге жалақы алатынын айтты. Оның бұл салада еңбек етіп жүргеніне 4 жыл болған.

Мекемеде 6-7 тракторшы бар. Барлығымыздың алатынымыз — 85 мың теңге. Бізде еңбек өтілі қарастырылмаған. Жалақының аз­ды­ғына қарамастан жұмыс істеп жатырмыз. Биыл арамыздағы тәжірибелі орман­шылардың жалақысы біршама өсті. Алайда біздің еңбекақымыз мардымсыз күйде қалып отыр. Тракторшылар қысы-жазы тыным таппаймыз, - дейді ол.

Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Бақыткелдінің айтуынша, бүгінде өңірде 9 мекеме бар. Оларда жалпы саны 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Биыл Байғанин ауданында тағы бір орман қорғау мекемесі ашылған. Қазір мұнда 31 жұмыс орны бос тұр.

Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі – 217 848 гектар. Ал мекемелерге қарасты жалпы аумағы 215 гектарды құрайтын 7 орман тәлімбағы бар. Алдағы уақытта өңірде Орқаш, Байғанин орман мекемелері жанынан тәлімбақ құру жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ облыста 7 орман өртін сөндіру станциясы жұмыс істейді, - дейді ол.

Оның айтуынша, биыл облыста еңбек өтілі көп орманшылардың жалақысы 50 пайызға дейін көтерілген. Тәжірибелі орманшылар қазір қолына 270-280 мың теңге жалақы алады. Алайда техникалық қызметкерлердің еңбекақысы өспеген.

Бұл орайда біз облыс әкімдігіне, тіпті, министрлікке де ұсыныс жасадық. Алайда биыл ұсынысымыз орындалған жоқ. Жалпы облыс бойынша жүз шақты жұмысшының айлығы көтерілмеді, — дейді Бақыткелді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы