Ақтөбе – Орал тасжолында Жайық арқылы жаңа көпір бой көтереді
Министрліктің мәліметінше, жоба аясында 8 шақырым автомобиль жолы және екі заманауи монолитті көпір салынады.
Қолданыстағы көпірлер техникалық тексеру қорытындысы бойынша апатты деп танылғандықтан, олардың жанына жаңа жол өткелі салынады.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің мәліметінше, Батыс Қазақстан облысындағы Ақтөбе – Орал – Ресей Федерациясының шекарасы халықаралық автожолында Жайық өзені арқылы жаңа көпір бой көтереді.
Өңірге жұмыс сапары барысында Көлік министрлігінің басшылығы жоба әзірлемесімен танысты. Жаңа көпір техникалық сараптама нәтижесінде апатты жағдайда деп танылған қолданыстағы көпірлердің жанына салынады. Жобаны іске асыру жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, өңірдегі ең жүктемесі жоғары жол учаскелерінің бірінде көлік қатынасының сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Министрліктің мәліметінше, жоба аясында 8 шақырым автомобиль жолы және екі заманауи монолитті көпір салынады:
- негізгі арна үстіндегі көпірдің ұзындығы – 513 метр;
- жайылма бөлігіндегі көпірдің ұзындығы – 1710 метр.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген. Заманауи инженерлік шешімдер мен технологияларды қолдану көлік инфрақұрылымының сенімділігін едәуір арттырып, жолдың өткізу қабілетін көбейтуге және нысанды ұзақ мерзім бойы қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік береді.
Көлік министрлігі мемлекеттік сараптамадан өту үдерісін жеделдетуді, құрылысқа қаржы көзін жақын арада анықтауды және жобаны іске асырудың барлық кезеңінде құрылыс сапасына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды.