Ақтөбе өңірінде жалпыоблыстық сенбілік өтті

Ақтөбеде жалпықалалық екі айлық өтіп жатыр. Бүгін аталған акция аясында кезекті сенбілік өтті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

1 сәуірде басталған екі айлық аясында облыстағы 600-ге жуық кәсіпорын мен мекеме ұжымдары әрбір сенбі сайын өздеріне бекітілген аумақтарды күл-қоқыстан тазартуы тиіс. Бүгін осы акция аясында қала бойынша үш мыңға жуық адам сенбілікке атсалысты. Сенбілікке Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков бастаған қала әкімдігінің қызметкерлері де қатысты.

Тазалық екі айлығы қаламызда жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл акция өз кезегінде қоршаған ортаны таза ұстауға, жастарды, жас ұрпақты тазалыққа, жауапкершілікке, табиғатты қорғауға деген жанашырлыққа үндейді. Бүгінгі сенбілік екінші рет өткізіліп отыр. Өткен аптада барлық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекеме ұжымдары өздеріне бөлінген аумақты тиянақтылықпен, үлкен жауапркешілікпен күл-қоқыстан тазартып, тазалық жұмыстарына жоғары деңгейде атсалысты. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы шаралар жалғасады, — деді шаһар басшысы.

Бүгінгі сенбілікке Ақтөбенің жастары ерекше үлес қосты. «Жасыл ел» еңбек жасақтары және «Атамекен» студенттер отрядтары жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, тазалық акциясына «Жасыл ел» жасағының 40-қа жуық белсендісі, 50-ге жуық ерікті, сондай-ақ жастардың қоғамдық бірлестіктері мен жоғары оқу орындарының студенттері атсалысқан.

Өткен аптада тазалық акциясы аясында Мәншүк Мәметова көшесіндегі скверді тазаласақ, бүгін Тұңғыш Президент атындағы орталыөқ саябақтағы өзімізге бекітілген №28 учаскені қосқыстан тазарттық. Жастар өте белсенді түрде атсалысып, жиналған күл-қоқысты арнайы көліктерге тиеп жіберді. Мұндай екі айлық шарасында «Жасыл ел» жасағының жастары үнемі белсенділік танытады. Биыл да бұл жасақ қаланы абатандыру, көгалдандыру жұмыстарына ерекше атсалысатын болады. Кез келген адам өзі тұратын қаланы, ауылды тазалап, табиғатқа жанашырлықпен қарауы қажет. Сондықтан барша қала, ауыл жастарын осы екі айлық тазалық акциясына үлес қосуға шақырамын, — дейді Нұржан Шаңғытбаев.

Айта кету керек, бүгінгі сенбілікке облыстағы департаменттер мен басқармалардың қызметкерлері, «Қазхром» ТҰҚ» АҚ Ақтөбе филиалы мен «Ақтөбе ТЭЦ» АҚ жұмысшылары, сондай-ақ бірқатар қала тұрғындары да атсалысты.

Бүгін Ақтөбе қаласы Заречный-1 елді мекенінің тұрғындары да екі айлық акцияға өз үлестерін қосты. Олар өз үйлері мен тұратын көшелерін, балалар алаңдарын қоқыстан, шөптен тазартты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірауыздан жиналып, ауызбіршіліктің үлгісін көрсеткен ауыл тұрғындары алдағы аптада да сенбілік ұйымдастыратындарын жеткізді.

Үлкен-кіші болып жиналып, қолымызға күрек, тырмамызды алып сенбілікке шықтық. Өзіміз тұратын көшені, аумақты өзіміз тазаламасақ, кім тазартып береді? Балаларымызға, немерелерімізге осылай үлгі көрсетіп жатырмыз. Қазір көп адам жастарды жауапсыз деп кінәлайды. Ол дұрыс емес, жас ұрпақ үлкеннен көргенін істейді. Сондықтан әр отбасындағы ата-ана осындай игі істерге алдымен өзі болып қатысуы керек, — дейді Заречный-1 ауылының тұрғыны Жәния Қалдымұратқызы.

Айта кету керек, жалпықалалық сенбілік 31 мамырға дейін жалғасады. Бұл кезеңде қала сыртындағы тұрмыстық қалдықтар полигоны қоқыстарды тегін қабылдайтын болады.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы