Ақтөбе облысының су тасқынына қарсы штабына 1 440 өтінім келіп түскен

Нәтижесінде 95 мың текше метрден астам су сорылып, су басу орындарына бес мың тоннаға жуық инертті материалдар жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық әкімдікке сілтеме жасап.

Өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен су тасқынына қарсы штаб отырысында облыста қалыптасқан су тасқыны жағдайы талқыланды. 

Ауа температурасының күрт жылынуының салдарынан аймақта қардың қарқынды еруі басталды. Нәтижесінде Мұғалжар ауданында еріген қар суының жол төсемі үстімен ағуының 4 фактісі тіркелді. Байғанин ауданының "Қарауылкелді-Алтай Батыр-Миялы" жергілікті маңызы бар жолдың 63 шақырымында тағы екі су басу оқиғасы орын алды. Аудан орталығынан Оймауыт, Дияр және Миялы ауылдарына дейін жол қатынасы үзілді. Екінші жағдай Ойыл ауданындағы «Амангелді-Көптоғай» автожолында орын алды. Еріген су Көптоғай ауылы арқылы өтіп, тұрғын үйлерді су басу қаупі төнді. Шаралар шұғыл түрде қабылданды. Елді мекенге қажетті техника мен инертті материалдар жеткізілді. Жағдай бақылауда, - деді Ақтөбе облысы ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов.

Оның сөзінше, бұл мәселелерді шешу үшін жол деңгейін көтеріп, қосымша су құбырларын орнату қажет.

Сонымен қатар, "Қазгидромет" мамандары 26-28 наурыз аралығында күн қатты жылынып, жаңбырдың арты қарға ұласуы мүмкін екенін айтып, ескерту жариялады. Нәтижесінде Ақтөбе қаласында және облыс бойынша қардың қарқынды еруі күтілуде. 

Сондай-ақ өзендердегі мұз еріп, су қоймаларындағы су деңгейі көтеріле бастады, осыған байланысты судың өзен арнасынан шығып, су басу қаупі бар.

"Қазсушар" РМК облыстық филиалының басшысы Ринат Шауеновтың айтуынша, бүгінгі таңда үш су қоймасы 49-57%-ға толған. Ақтөбе су қоймасына – 170 - 245 млн м3, нормасы 179 млн м3, Қарғалы су қоймасына – 169 - 265 млн м3, нормасы 292 млн м3 еріген судың түсуі күтілуде. 

Біз гидротехникалық құрылғылардың көтергіш механизмдерін тексеру, су тораптарының электр жабдықтарын тексеру, жанар-жағармай және материалдардың апаттық қорын дайындау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Резервтік авариялық жылжымалы электр станциялары дайындалды. Барлық нысандармен телефон байланысы орнатылған, - деді Ринат Шауенов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы