Ақтөбе облысының эпидемиологиялық ахуалы қандай?

Ақтөбе облысында жіті респираторлық вирустық инфекцияның 8182 жағдайы тіркеліп, аурушаңдық деңгейі 1,1 есеге өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев айтып берді.

Оның айтуынша, облыста эпидемия алдындағы кезең басталғалы 46 034 жағдай анықталған. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 4956,1 көрсеткішті құрайды. Оның ішінде 31 462 жағдай — 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген көрсеткіш. Осылайша Ақтөбе облысында биыл аурушаңдық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 1,3 есеге өскен. Ал былтыр бұл көрсеткіш 35 088 жағдай болған.

Облыста жіті респираторлық вирустық инфекция мектеп оқушылары мен жүкті әйелдер арасында көптеп тіркеліп отыр. Олар — Ақтөбе қаласы мен аудандардың тұрғындары. Биыл эпидемия алдындағы кезең басталғалы тұмау вирусын анықтау мақсатында полимеразды тізбекті реакция әдісімен 1118 сынама алынып, зерттелген болатын. Нәтижесінде барлық сынама теріс нәтиже берді. Ал тұмау емес вирустарға, атап айтсақ, парагрипп, аденовирус, риновирус, МС вирусына 276 сынама тексеріліп, барлық нәтижелер теріс болды, — дейді Мұхтар Сербаев.

Ақтөбе облысында биылғы 1 қазаннан бастап 133 тұрғыннан пневмония анықталған. Оның 18-і 14 жасқа дейінгі балалар болса, біреуі — жүкті әйел.

Биыл жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы 109 мыңнан астам доза вакцина алынып, 103 556 адам екпе салынған. Сондай-ақ, қазіргі таңда өңірде жұмыс берушілер есебінен және ақылы түрде екпе егу жұмыстары жалғасып жатыр.

Биыл жыл басынан бастап менингококты инфекцияның 12 жағдайы тіркелді, оның арасында 9 жағдай расталды. Инфекция жұқтырғандардың 7-еуі 14 жасқа дейінгі балалар екендігі анықталды. Ал мектеп оқушылары арасынан – 5, балабақша тәрбиеленушілері арасынан 2 жағдай тіркелді. Бұл инфекцияны жұқтырғандар — Ақтөбе қаласының және Әйтеке би, Ырғыз, Хромтау, Шалқар аудандарының тұрғындары, — дейді Мұхтар Сербаев.

Оның айтуынша, былтыр облыста менингококты инфекция бойынша бір жағдай тіркелген. Бүгінде ауру тіркелген аудандарда, сондай-ақ қала аумағында науқастармен қарым-қатынаста болған 251 адам инфекция тасымалдаушысы ретінде тексерулерден өткен.

Биыл Ақтөбе облысында қызылша ауруы бойынша да зерттеу шаралары қарқынды жүргізілді. Себебі өңірде зертханалық тәсілмен 3769 жағдай расталған болатын.

Мұхтар Сербаевтың айтуынша, қызылша жұқтырғандардың 77,5 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар. Мәселен, жыл басынан бері өңірде мектеп оқушылары арасынан 321, балабақша тәрбиеленушілері арасында 545 жағдай анықталған. Ал облыс бойынша қызылшамен ауырғандардың көп бөлігі Ақтөбе қаласында тіркелген. Сондай-ақ Мұғалжар, Шалқар, Ырғыз, Алға аудандары науқастар саны бойынша алдыңғы қатарда тұр.

Қызылшамен ауырғандардың 62 пайызы екпе алмағандар болса, 18 пайызы — екпе статусы белгісіз адамдар. Жыл басынан бері бұл бағытта науқастармен қарым-қатынаста болған 1188 адам анықталып, олардың арасынан эпидемиологиялық көрсетілім арқылы 159 адам екпе алды. Соңғы аптада қызылшаның 3 жағдайы тіркеліп отыр. Ал көкжөтел бойынша биыл он айда 210 жағдай тіркеліп, оның 151-і зертханалық тексеру арқылы расталды, — дейді ол.

Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, жыл басынан бері Ақтөбе облысында көкжөтелмен ауырған науқастармен қарым-қатынаста болған 489 адам анықталып, барлығы зертханалық тексерістен өткен.

Бүгінде ақтөбеліктерге тұмаудың, жіті респираторлық вирусты инфекциялардың және COVID-19 инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында аталған департамент 2024-2025 жылдардың эпидемиялық маусымына санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу туралы қаулыға сәйкес жұмыстар жүргізуде.

Ақтөбе облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанованың айтуынша, бүгінде елімізде, оның ішінде өңірде жұқпалы аурулардың алдын алудағы ең тиімді тәсіл – вакцинация. Осы орайда биыл облыста балалар мен жасөспірімдерді профилактикалық екпемен қамту көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға артқан. Мәселен, Ұлттық күнтізбеге сәйкес адам папилломасы вирусына қарсы екпені өңір бойынша 3 мыңға жуық жасөспірім қыз алған.

Биыл Ақтөбе облысы аумағында оба, тырысқақ, күйдіргі, құтырма сияқты аса қауіпті инфекциялар тіркелген жоқ. Сондай-ақ жыл басынан бері өңірімізде тамақтану, білім беру, сумен жабдықтау нысандарында жаппай улану, жұқпалы ішек аурулары тіркелмеді. Ақтөбе облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыс бойынша дезинфекциялық өңдеуге жататын 4220 нысанға дезинфекциялау жүргізді. Сондай-ақ 1075 білім беру және тәрбиелеу мекемесі жоспардан тыс тексерістен өтіп, жаз айларында 30 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша 2024-2025 оқу жылында 70161 бастауыш сынып оқушысы тегін тамақпен қамтылып отыр, — дейді Райхан Қойшанова.

Департамент басшысының айтуынша, көктемгі тасқын кезінде Ақтөбе қаласы мен су басқан аудандарда орталықтандырылған, орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйелерінде ауызсуға жүргізілетін санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг күшейтілген. Барлық сумен жабдықтау нысандарына профилактикалық-дезинфекциялау жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде бүгінге дейін су тасқынынан зардап шеккендер арасында жаппай тамақтан уланудың, жіті ішек инфекциялардың және паразиттік аурулардың өршуі тіркелмеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - Архив
Өзгелердің жаңалығы