Ақтөбе облысының білім саласы: Жетістіктер мен жоспарлар
Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысы Жайық Сұлтан білім беру жүйесі қалай дамып жатқаны жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Басқарма басшысы атап өткендей, Ақтөбе облысының білім саласы жергілікті бюджеттен тиісті ресурстармен қамтамасыз етіліп, өзекті мәселелердің шешімі табылып келеді.
Бүгінгі күні өңірде 253 111 баланы қамтитын 1112 білім беру ұйымы жұмыс жасайды, оның ішінде 430 мектеп (180 663 оқушы), 593 балабақша (45006 тәрбиеленуші), 40 колледж (27 442 студент), 49 қосымша білім беру ұйымы (38 500 оқушы), - деді Жайық Сұлтан.
Өңірдің білім саласын дамыту мақсатында «Ақтөбе облысының білім жүйесін дамытудың жол картасы» әзірленген болатын. Саладағы барлық өзекті мәселе Жол картасы шеңберінде шешіліп жатыр.
Мектепке дейінгі білім мен тәрбие
Биыл 3 144 жаңа орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылып, балабақша желісі 31-ге артты. Нәтижесінде 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту – 89,8% (2022 ж. – 87,3%), 2 мен 6 жас аралығы – 93,1%-ды (2022 ж. – 92,7%), құрайды. Алдағы жылы орын тапшылығын жою мақсатында 25 балабақша пайдалануға беріліп, жаңа 2 500 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын арнайы санаттағы отбасылардан шыққан 6 мыңға жуық бала тегін тамақпен қамтылды.
Облыстағы 7 жетекші балабақша жұмыс тәжірибесімен және инновациялық идеяларымен алмасудың құзыреттілік орталығына айналды. Тәрбиешілердің кәсіби деңгейін арттыру бойынша да ауқымды жұмыс атқарылды. 1 139 МДҰ педагогі біліктілікті арттыру курсынан өтті, - деп ақпарат берді білім басқармасы басшысы.
Биыл 177 балабақшаның материалдық-техникалық базасы жаңартылды, келесі жылы 140 балабақша жабдықталады.
Орта білім: тегін тамақ, оқушы орны тапшылығы
Үш ауысымды, апатты, орын тапшылығы қалыптасқан мектептердің мәселесін шешу мақсатында 2025 жылға дейін 24 390 оқушы орнына арналған 44 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Биыл 5 270 орынға арналған 22 мектеп құрылысы жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 1 090 орынға 2 қосымша құрылыс және 4 мектеп пайдалануға беріледі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салынады. Оның 14-і биылғы жылдан бастап өз құрылысын бастап кетті.
Мектептерді іске қосу барысында кадр мәселесі де кезең-кезеңімен шешіледі, жыл сайын жергілікті бюджет есебінен 100 грант бөлінсе, оның 40%-ы – педагогикалық мамандыққа беріліп отыр, - дейді ол.
ҚР Президентінің шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда жыл сайын кемінде 1 000 мектепті заманауи стандарттар бойынша жаңғырту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде қазіргі күні облыста 170 ауыл мектебі жаңғыртылды.
2025 жылға дейін 112 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Биыл 92 мектепке 158 жаңа модификациялық кабинет алынды. 2024-2025 жылдар аралығында 254 кабинет жабдықтарын сатып алу жоспарланып отыр.
Балаларды жайлы және қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру ұйымдары 100% бейнебақылау, дабыл түймесі жүйелерімен қамтамасыз етілген. 174 мектеп жедел басқару орталықтарына қосылған. Алдағы жылы ЖБО қосылған ұйымдар санын 2 есеге арттыру көзделген, - деп айтты Жайық Сұлтан.
1-4 сыныптың 86 595 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Оқушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған бірнеше жоба іске асырылуда. Педагогтардың біліктілігі білім сапасына тікелей байланысты болғандықтан, олардың кәсіби өсуі де маңызды. 2023 жылы 7602 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Келесі жылы 4 мыңнан астам педагогтің біліктілігі арттырылады.
14 мектеп басшысының орынбасары «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында оқудан өтіп жатыр. Қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жою бойынша жаңа шешімдер қабылданды. Үздік мектептерге ауыл мектептері шефтік қамқорлыққа берілді. 30 үздік ауыл мектебі анықталып, іс-тәжірибесі таратылды. «Ауыл мектептерін кешенді дамыту (ауыл мектептерімен жұмыс бағдарламасы) «Ауыл мектебі - үздік білім сапасы» бағдарламасы әзірленіп, «Сапалы білім» жобалық кеңсесі іске қосылды, - дейді өңірдің білім басқармасы басшысы.
Былтыр қала және ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту бағытында «Bilim All» жобасы іске қосылған болатын. Жобаның тиімділігі нәтижесінде қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының алшақтығы 15%-дан 10,3%-ға төмендеді.
Жаңа оқу жылынан бастап «Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдана отырып дамыту» жобасы жүзеге асырылуда. «Қазақстан халқына» қорының есебінен шағын жинақты ауыл мектептері 5 млрд теңгеге жабдықталды. Облыстың 12 тірек мектебі әрқайсысы 250 млн теңгеге жаңартылып, 36 магниттік мектептерге жетекшілік жасайды.
Жыл сайын балаларды тасымалдайтын автобус паркі жаңартылып отырады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында білім беру ұйымдары 87 120 көркем әдебиетпен толықты. Көркем әдебиет қоры әрі қарай да ұлғайтылады.
Инклюзивтік білім беруді жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының саны жыл сайын артып келеді. Биыл 50 000 балаға бір ПМПК ашудың жаңа стандартына сәйкес 1 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығы, 10 инклюзивті қолдау кабинеті ашылды. Инклюзивті білім беру бойынша 2027 жылға дейін ПМПК желісін 2 бірлікке, ППТК желісін 3 бірлікке көбейту, 14 инклюзивтік кабинет, 2 арнайы түзету балабақшасын ашу жоспарланып отыр.
Қосымша білім беру және тәрбие
Облыстағы барлық білім беру ұйымдарына «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» енгізілді. Сонымен қатар ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды.
Биыл қосымша білім берумен қамту 83,4%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,3%-ға өсті.
Қосымша білімге беріліп отырған мемлекеттік тапсырысты бір жүйеге келтіру мақсатында үш бағыттағы тапсырыс бойынша өңірлік ортақ бір портал әзірленді. Қазіргі таңда «ОдоАқтөбе» жүйесі жетілдіріліп, «DARABALA.KZ» платформасы іске қосылды. 6000 бала мемлекеттік тапсырыспен қамтылып отыр, - дейді Жайық Сұлтан.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2027 жылға дейін 4 қосымша білім беру ұйымының құрылысы және 2 сауықтыру орталығының ашылуы жоспарланған. Биыл өнер мектебі жанынан қосымша құрылыс пайдалануға берілді. Сонымен қатар 150 орындық Өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде. 2024 жылға 1 заманауи қосымша білім беру ұйымы салынатын болады. Сондай-ақ қызметі тоқтап тұрған «Достық» сауықтыру орталығы ренновациядан өткізіледі. Былтырдан бастап суицидтік әрекеттерге бейім, тәуекел тобына жататын балаларды уақытылы анықтау бойынша педагог-психологтардың бірыңғай диагностикалық базасы - психологиялық қызметтің автоматтандырылған жүйесі «рsy.aonpc.kz» қосылды.
Техникалық және кәсіптік білім беру
Биыл 6 932 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға жоғары. 700 студент кәсіпорындардың өтінімдеріне сәйкес нысаналы оқыту мемлекеттік тапсырысы бойынша оқытылып жатыр.
2 колледжге алғаш рет 10-11 сынып оқушылары үшін жұмысшы мамандықтары бойынша эксперименттік білім беру бағдарламасы енгізілді.
24 колледж 24 кәсіпорынға шефтік қамқорлыққа берілді.
16 мың студент кәсіби тәжірибемен қамтылған, 72 педагог шефтік кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтті. Колледждерде шефтік кәсіпорындардың қатысуымен 212 астам білім бағдарламалары жаңартылды. Облыста колледждер базасында «Жас маман» бағдарламасы аясында жабдықталған 8 құзіреттілік орталығы жұмыс жасайды. Биыл «WorldSkills» чемпионатына қатысушыларды дайындау және практикалық сабақтарды өткізуге арналған 2 құзіреттілік орталығы ашылды, - деп атап өтті Ақтөбе облысы Білім басқармасының басшысы.
Жол картасына сәйкес 8 колледждің материалдық-техникалық базасын жер қойнауын пайдаланушылар есебінен нығайту, дуальды оқытумен қамтылған студенттердің үлесін 40 %-ға жеткізу қарастырылып отыр.
Білім басқармасы басшысының сөзінше, өңірдің білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жол картасы саланы дамытудағы проблемаларды шешуде нақты нәтижелер бар. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.