Ақтөбе облысының ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз ісін ашып отыр

Ақтөбе облысы Қобда ауданының тұрғындары кәсіпкерлікте мемлекеттік қолдау шараларын белсенді қолданып келеді. Гранттар, жеңілдетілген несиелер және оқыту бағдарламалары арқылы аудан тұрғындары өз істерін ашуға және бұрыннан бар бизнесті кеңейтуге мүмкіндік алған, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Ауданға жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов үш ай бұрын ашылған кондитерлік цехтың жұмысымен танысты. Әлия ауылының тұрғыны Жанайым Сағынбаева «Бастау бизнес» жобасымен ие болған 1,2 млн теңгеге мемлекеттік грантқа құрал-жабдықтар сатып алып, өндірісін іске қосты. Күн сайын 70 бөлке нан және кондитерлік өнімдердің 30-ға жуық түрі шығарылады. 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Өндірісін одан әрі кеңейтуге және «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниетті. 

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «Нәтижелі жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламаларының қатысушысы Рәзия Ғалиева жалпы сомасы 11 млн теңгеге жеңілдікпен қарыз алып, Қобдада тігін шеберханасын ашты. Бүгінгі таңда цехта 16 адам жұмыс істейді, олар ұлттық стильде киім және басқа да бұйымдар, қыз жасауын дайындайды. Қызметтері үлкен сұранысқа ие, тек Ақтөбе облысы ғана емес, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан да тапсырыстар қабылдайды. 

Сонымен қатар, облыс әкімі Талдысай ауылындағы жеке кәсіпкер Айсұлтан Өміржановтың жылыжайын аралады. 2021 жылы іске қосылған 100 шаршы метрлік жылыжай – қазірдің өзінде тұрақты табыс көзі.

Мен бұрын тапсырыс бойынша жылыжайларды жобалап, салатынмын. Көптеген аудандарда менің жылыжайларым бар. Жақында өзім үшін жылыжай салайын деп шештім. Қияр өсіремін. Биылғы жылы жылыжайдағы өнім көлемін төрт есе кеңейту үшін «Ауыл аманатына» қатысқым келеді, - деді Айсұлтан Өміржанов. 

Ералы Тоғжанов оған еңбек жолында табыс тілеп, аудан басшылығына, ауылдық округ әкіміне «Ауыл аманаты» жобасының үміткерлеріне жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. 

Айта кетейік, Қобда ауданында былтырғы жылдың қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 112 бизнес-жоба қолдау тапты.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында облыс басшысы Терісаққан ауылында салынып жатқан мектептің құрылыс алаңына барды. 60 орындық мектеп өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілуі керек еді. Алайда мердігер өз міндеттемелерін орындамаған. Қазіргі уақытта жаңа құрылыс компаниясы анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Мектеп жаңа 2023-2024 оқу жылының басында балаларға есігін айқара ашады деп жоспарлануда. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы