Ақтөбе облысының 28 ауылында халық ұңғымадан су ішіп отыр
Ақтөбе облысында әлі күнге дейін ұңғымадан су ішіп, қи мен көмір жағып отырған ауылдар бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы жылдары Ақтөбе облысында елді мекендерге газ және ауызсу құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дегенмен шалғай ауылдардың бірқатары әлі күнге дейін таза ауызсуға және көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр.
Мәселен, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра ауылдық округіне қарасты Белшер ауылында газ жоқ. Ауыл тұрғыны Меңдібай Нұрмановтың айтуынша, ауыл адамдары қыста қи мен көмір жағады. Ал әлеуметтік нысандар электр қуатымен жылытылады.
Бүгінде ауылымызда 40 шақты түтін бар. Халық саны — шамамен 150 адам. Елді мекенде бір негізгі мектеп, оның жанында шағын орталық, медпункт, клуб үйі және кітапхана бар. 2018 жылы ауылымызға ауызсу құбыры тартылып, халық таза ауызсуға қол жеткізді. Енді бізге керегі — көгілдір отын, - дейді ол.
Еңбек ардагері көп жыл Белшер негізгі мектебінде басшылық қызмет еткен. Бүгінде зейнет жасында, немерелерінің қызығын көруде.
Оның айтуынша, Белшер негізгі мектебінде 30 оқушы бар. Қазір мектеп ғимараты да тозып тұр. Былтыр су тасқыны кезінде ауылдың шетіндегі 2-3 үйге су кірген. Соның салдарынан ауыл тұрғындары біршама қиындыққа душар болыпты. Дегенмен мемлекеттің қолдауымен зардап шеккен ауыл тұрғындары жаңа баспанаға қол жеткізген. Ал қазір белшерліктерді жол мәселесі мен көгілдір отынның келуі толғандырып отыр.
Аудан орталығынан 96 шақырым қашықтықта орналасқан шағын ауылдың жолдары сын көтермейді. Көктем-күз айларында жауын жауса, жеңіл көліктердің жүруіне қиындық келтіреді. Бір сөзбен айтқанда, ауылға жол керек.
Ауылымыздың болашағына алаңдаймыз. Өзіміз осы жерде туып-өстік. Қазір отбасымызбен тұрып жатырмыз. Халыққа қажет әлеуметтік нысандардың барлығы бар, ауызсу да келіп тұр. Енді газ құбыры тартылса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұған дейін Нұра ауылына газ келген. Енді бізге де газ құбыры жүргізілсе екен деп тілейміз. Қыз-келіншектер күл шығарып, от жағудан құтылар еді, - дейді Меңдібай Нұрманов.
Ал осы ауданның Қарасай ауылы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған. Ауыл халқы ұңғыма арқылы су алып, ішіп отыр. Шағын ғана ауылда 30 шақты ғана түтін қалған. Тұрғындардың дені қалаға көшіп кеткен. Әсіресе, жастар жағы ауылда тұрақтамайды.
Ауылымызда барлық жағдай бар. Тек көгілдір отын ғана жоқ. Ал ауызсуды ауыл орталығындағы кешенді блок модульдан тасып ішіп отырмыз. Кешенді блок модуль орнатылған жер шағын дүңгіршек ретінде жасақталған. Жазда бұл жер көлеңке, қыс айларында ық болып тұрады, су қатпайды. Ауыл тұрғындары сол жерге барып, суды кезекке тұрып алады. Бір жағынан модуль мектепке жақын орналасқан. Соның арқасында мектеп асханасына суды еш қиналмай тасып апарамыз. Өзім Қарасай негізгі мектебінде 11 жылдан бері шаруашылық жөніндегі меңгеруші болып жұмыс істеймін, - дейді ауыл тұрғыны Сәрсенғали Өксікбаев.
Ел ағасы жылдан-жылға тұрғындар ауылдан қалаға көшіп жатқанын, соның салдарынан мектепте мұғалімдер де, оқушылар саны да азайғанын жеткізді. Дегенмен елді мекенде қазіргі таңда тұрғылықты халыққа қажет барлық нысандар жұмыс істеп тұр. Мәселен, мұнда негізгі мектептен басқа бүлдіршіндерге арналған шағын орталық, медпункт және саябақ бар. Соңғы екі нысанды осы ауылдан шыққан белгілі кәсіпкер Хамит Өтеуов салып берген.
Өкінішке қарай, тұрғындар саны азайған соң ауылымызда клуб үйі жабылып қалды. Дегенмен халыққа арналған көпшілік іс-шаралар мектепте өтеді. Ауылымызда жарық, интернет бар. Халықтың дені мал шаруашылығымен айналысады. Елді мекенде 10 шақты шаруа қожалығы бар. Ауыл халқы малынан өндірген таза, табиғи өнімдерін тұтынып отыр, - дейді ауыл тұрғыны.
Қазір Қарасай ауылында 134 тұрғын тұрады. Олардың дені — аға буын өкілдері. Бүгінде ауылдағы әр үйдің ауласында құдық бар. Күнделікті тұрмысқа тұтынуға құдықтың суын пайдаланады. Ал ас-суға кешенді блок модульдан таситын суды қолданады.
Сәрсенғали Өксікбаевтың айтуынша, бұрын қарасайлықтар ауызсуды ауыл шетіндегі құдығынан тұщы су шыққан бір кісінің үйінен тасып ішкен. Ал 2023 жылы мамыр айында ауылға кешенді блок модуль орнатылып, халықты ауызсумен қамту мәселесі шешілген.
Айта кету керек, Қарасай ауылы аудан орталығы — Ырғыз ауылынан солтүстік-батысқа қарай 87 шақырым жерде орналасқан. 1999 жылы мұнда тұрғындар саны 305 адам (159 ер адам және 146 әйел адам) болса, 2009 жылы 244 адамды (128 ер адам және 116 әйел адам) құраған. Ал 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша 145 адам тіркелген.
Қарасайлықтар ауылға кешенді блок модуль орнатылғанына дән риза. Дегенмен ауыл ішінде суды тасып ішу де оңай жұмыс емес. Қарт адамдарға су тасу біраз қиындық әкелетіні рас. Алайда аталған елді мекенді орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу үшін мұндағы халық саны аз.
Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұршашқан Ізбасарованың айтуынша, бүгінде өңірдегі 319 ауылдың 291-і немесе 923,7 мың адам ауызсумен қамтамасыз етілген. Ал 28 елді мекен бүгінде суды ұңғыма қазып, ішіп отыр. Ұңғымадан су алып отырған 28 ауылдың ішінде 18-інің халқы кешенді блок модуль орнатудан бас тартқан. Қалған 10 ауылға, атап айтсақ, Алға ауданындағы – Көктоғай, Тікқайың, Әйтеке би ауданындағы – Аққұм, Ұлғайсын, Белқопа, Байғанин ауданындағы – Дияр, Баршақұм, Темір ауданындағы – Еңбекші, Ойыл ауданындағы – Қарасу, Хромтау ауданындағы – Майтөбе ауылдарына су жүйесі жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысы биыл еліміз бойынша халықтың сапалы ауызсуға қолжетімділігін 100 пайызға дейін жеткізу туралы тапсырма берген болатын. Осы мақсатта облыстағы таза ауызсумен жабдықталған ауылдар санын 302-ге, ал халық санын 927 мың адамға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы бірқатар тұрғын алаптарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 2 ірі жоба (Сарыбұлақ және Моисеев сорғы станциясының құрылысы) әзірленді. Осы жобаларды іске асырсақ облыс орталығын тәулігіне қосымша 70 мың текше метр сумен қамтамасыз ете аламыз. Нәтижесінде Ақтөбе қаласындағы ауызсу мәселесі толықтай шешіледі, - дейді Нұршашқан Ізбасарова.
Ал облыс халқын газбен қамтамасыз ету мақсатында биыл 9,1 млрд теңгеге 15 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында халық саны 9,8 мың адам болатын 24 ауыл бар. Атап айтсақ, Әйтеке би ауданындағы – Қияқты, Ұлғайсын, Ырғыз ауданындағы – Жарма, Мәртөк ауданындағы – Шевченко, Қызылжар, Бөрте, Хазретовка, Ақмоласай, Байнассай, Мұғалжар ауданындағы – Ащысай, Бұлақты, Сабындыкөл, Байғанин ауданындағы– Қаражар, Оймауыт, Қораши, Қожасай, Ойыл ауданындағы – Амангелді, Көптоғай, Темір ауданындағы – Шығырлы, Ащысай, Шалқар ауданындағы – Алабас, Сарсай, Бершүгір, Қарғалы ауданындағы Велиховка ауылдары жыл соңына дейін газдандырылмақ.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында 319 елді мекеннің 172-сі немесе 53,9 пайызы газбен қамтылды. Биыл жоғарыда аталған жобалар жүзеге асырылса, жыл соңында 319 елді мекеннің 196-сы немесе 61,4 пайызы (898 мың адам) көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі, - дейді Нұршашқан Ізбасарова.
Жоғарыда атап өткендей, Ақтөбе облысында орталықтандырылған ауызсу мен газ құбырына қосылмаған ауылдар жетерлік. Мәселен, өнеркәсібі жақсы дамыған Хромтау ауданында бүгінде 28 елді мекен болса, соның 23-і ғана газ желісімен, 24-і ауызсу желісімен қамтылған.
Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, халқы аз шоғырланған 5 ауылға, атап айтсақ, Кіші Тассай, Көктерек, Ойсылқара, Жайлаусай, Көптоғай ауылдарына газ құбырын тартып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу тиімсіз. Сондай-ақ халқының саны 20-30 адамнан тұратын Кіші Тассай, Көктерек, Жайлаусай, Көптоғай ауылдарына да ауызсу құбыры жүргізілмейді.