Ақтөбе облысында жылыту маусымына дайындық қалай?
Биыл қыста Ақтөбе қаласындағы бірқатар көп қабатты үйлерде жылу болмай, тұрғындар шағымданған-ды. Қазір жауапты мекемелер бұл бағытта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаевтың айтуынша, биыл өңірде 632 қазандыққа, 31,2 шақырым жылу желісіне, 153,2 шақырым су құбыры және кәріз желісіне, 385,8 шақырым электр желісіне, 1371 әлеуметтік нысанға, сондай-ақ 2540 тұрғын үйге ағымдағы және күрделі жөндеу, қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Биыл кәсіпорындардың жеке қаражаты және жергілікті бюджет есебінен коммуналдық инфрақұрылым нысандарын қыс айларына дайындау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 18,1 миллиард теңгені құрап отыр. Оның ішінде отынның нормативті қорын құруға 1,3 миллиард теңге бөлінеді. Алдағы жылыту маусымына бюджеттік ұйымдар үшін 28 455,8 тонна қатты отын, 1622,3 тонна сұйық отын дайындалады. Ал көгілдір отын тартылмаған елді мекен тұрғындарына 21 500 тонна көмір қажет. Халықты қатты отынмен қамтамасыз ету жұмыстары тамыз айында басталады деп жоспарланып отыр. Қазір бұл бағытта «ҚТЖ» «Батыс» филиалы – «Жүк тасымалы» серіктестігімен бірлесіп вагондардың келуіне күнделікті мониторинг жүргізіп жатырмыз, — дейді Нұртай Сертаев.
Ал Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің өкілі Нұржан Нағметовтің айтуынша, бүгінде облыс орталығында 1867 көп пәтерлі үй бар. Оның ішінде 1531 үй «Aqtobe su-energy group» АҚ орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылса, 336 тұрғын үйде автономды жылыту жүйесі бар.
Биыл қалада 17 үйге күрделі, 30 үйге ағымдағы жөндеу жүргізілуі керек, — дейді Нұржан Нағметов.