Ақтөбе облысында жылыту маусымы штаттық режімде өтуде

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалымен өткен жиында 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымының өңірде өту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ағымдағы жағдай туралы жергілікті атқарушы органдардың басшылары баяндады. Қазіргі күні өңірде жылыту маусымы штаттық режімде өтуде. Қатты отынның қажетті қорлары жеткілікті. 

Бюджеттік ұйымдар 33 мың тонна көмірмен толық көлемде қамтамасыз етілген. Орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған барлық әлеуметтік нысандар мен үйлерге жылу үздіксіз беріліп отыр. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында коммуналдық кәсіпорындардың – «Ақтөбе ЖЭО» АҚ, «Aqtobe Su Energy» АҚ, «Энергожүйе» ЖШС және облыстың барлық елді мекендеріндегі қазандықтардың жұмысын қайта тексеруді тапсырды. Бұл мәселе – өңір басшысының жеке бақылауында. 

Сондай-ақ, кеңес барысында елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша тапсырмалар берілді. Ақтөбеде тазалықты бұзу фактілерінің жолын кесу мақсатында қоқыс контейнерлік алаңдарын бейнебақылау камераларымен жарақтандыру жұмыстары жалғастырылады. Естеріңізге сала кетейік, осы күзде облыс орталығындағы 188 қоқыс контейнері қойылған алаңдарға бейнекамералар орнатылды. Заң бұзғандарға әкімшілік айыппұлдар салынуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы