Ақтөбе облысында жылыту маусымы аяқталады

Келесі аптадан бастап Ақтөбе облысында жылыту маусымы аяқталады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрберген Бекеевтің айтуынша, облыста биылғы жылыту маусымы қалыпты жағдайда аяқталмақ. Жыл басынан бері өңірдегі жылыту қазандықтарында ешқандай ақау болмаған. Қазір өңірде 2023-2024 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық барысында арнайы жоспар құрылып жатыр.

Келер жылдың жылыту маусымына бюджеттік ұйымдарға 31 мың тоннадан астам көмір, екі мыңға жуық тонна дизель отыны керек. Сонымен қатар облыс тұрғындарына 22 мың тонна көмір қажет болады. Келер жылдың жылыту маусымына дейін облыста жалпы ұзындығы 658 шақырым инженерлік желі жөндеу жұмыстары жасалады. Бұдан бөлек, коммуналдық кәсіпорындардың қаражаты есебінен 4,6 миллиард теңге қаржыға 40-қа жуық жылыту қазандығы жөнделетін болады, — дейді ол.

Ал «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директорының орынбасары Айтбай Дауылбаевтың айтуынша, былтыр облыста жылыту маусымы 1 қазанда басталған. «Aqtobe su-energy group» АҚ 25 қазандық пен жалпы ұзындығы 263 шақырым болатын жылу желілеріне қызмет көрсеткен. Ақтөбе қаласы әкімінің бұйрығына сәйкес 18 сәуірден бастап облыстағы тұрғын үйлерге жылу беру науқаны аяқталады. Ал мектепке дейінге білім беру ұйымдарына жылу беру 29 сәуірге дейін жалғасады. 

Бүгінде облыс орталығында 1900-ге жуық көп қабатты үй бар. Осы тұрғын үйлердегі жылуды қадағалайтын қызметкерлер биыл барынша жауапкершілікпен жұмыс жасады. Біздің ендігі міндет — алдағы жылыту маусымына, яғни, 1 қазанға дейін «Aqtobe su-energy group» және «Ақтөбе ЖЭО» акционерлік қоғамдары бірлесіп, жылумен жабдықтау жүйесін тексеріп шығады. Келесі жыл беру науқанына дейін ақаулар шыққан бірқатар тұрғын үйлердегі желілерге жаз айларында жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек, — деді ол.

Айта кету керек, өткен жылдың аяғында Екібастұз қаласында қазандықтың істен шығу салдарынан көптеген тұрғын жылусыз қалуына байланысты Ақтөбе қаласында да бірқатар тексеру жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда қала бойынша шағын аудандарда жылу құбырының жарылуы сияқты ақаулар тіркелген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: aqtobegazeti.kz
Өзгелердің жаңалығы