Ақтөбе облысында жылқы өсіретін шаруаларға қаржылай қолдау бола ма?

Ақтөбе облысында соңғы 3 жылда шаруаларға 21 млрд теңге қаржы көлемінде қолдау көрсетілген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыста ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бөлінген қаржы облыстық бюджеттен қарастырылған. Бұл туралы Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов айтып берді.

Оның айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы саласын қолдау үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, соның арқасында өңірде осы саладағы өнімнің жалпы мөлшері 130 млрд теңгеге жеткен. Өткен жылы облыста ірі қара саны 7,3 пайызға, ұсақ мал саны 4,5 пайызға, жылқы саны 28 пайызға, ал түйе саны 13,2 пайызға көбейген.

Былтыр өңірде шаруалардың өз шаруашылықтарын дамытуына жақсы жағдай жасалды. Мал азығы үшін барлық дерлік шаруа қожалықтарына субсидия берілді.

Шаруашылық иелері бұрын банктен алған несиесін малын сатып, сол қаржысын төлесе, соңғы жылдары мемлекеттен бөлінген қолдаудың арқасында облыстағы шаруалар мал санын көбейтіп алды, бір сөзбен айтқанда, «етек-жеңін» жинап алды. Өкінішке қарай осы саланы дамыту үшін бөлінген 21 миллиард теңгенің есебінен облыста әлеуметтік салаға көп көңіл бөлінбей қалды. Биыл осыны ескеріп облыс әкімдігі шешім қабылдады. Ендігі жерде шаруаларға мал азығына субсидия төленбейді. Оның ішінде қазір бірқатар жылқы өсіріп отырған шаруалар жылқыға субсидия берілсе деген тілегін жеткізіп отырғаны белгілі. Алайда  жылқы малы далада жайылып жүретіндіктен, ендігі жерде олардың жем-шөбіне бюджеттен қаржы бөлінбейді, - дейді ол.

Бөлім басшысының айтуынша, биыл облыста тек асыл тұқымды айғыр сатып алған шаруаларға ғана 100 мың теңге көлемінде субсидия төленеді. Мұндай қамқорлық шаруашылықтарда жылқы малының тұқымын жақсарту үшін жасалып отыр.

Жалпы бүгінде Ақтөбе облысында 9 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы болса, оның ішінде 40-тан астам асыл тұқымды жылқы өсіретін қожалық бар. Аталған шаруа қожалықтары республикалық жылқы палатасына тіркелген. Олар қазақы жабы тұқымынан бөлек мұғалжар, көшім жылқыларын өсіріп отыр.

Жалпы Ақтөбе облысы бойынша бүгінде жылқылардың жалпы саны 278 мыңға жетіп отыр. Соңғы жылдары Ақтөбе облысы жылқы өсіруден алдыңғы орында келеді. Қазір облыстың бренді - жылқының қазақы жабы, мұғалжар және көшім тұқымдары. Бүгінде  аталған жылқы тұқымдарына еліміздің басқа өңірлерінен, тіпті шет мемлекеттерден  де сұраныс көп, - дейді бөлім басшысы.

Облыста жылқы өсіретін шаруа қожалықтары көп. Солардың бірі - Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы «Мақсат Мамытов» шаруа қожалығы.

2014 жылы құрылған қожалықты кезінде осы ауданда қой өсіруден Социалистік Еңбек Ері атанған Мақсот Мамытовтың немересі Қанат Мамытов басқарып отыр.

Міне, шаруашылықтың құрылғаны он жылға жуық уақыт болып қалды. Қазір Жаңажол ауылынан 120 шақырым қашықтықта баз салып, сол жерде ірі қара, жылқы және қой өсіріп отырмыз. Базда жарық бар, ұңғыма арқылы су алып отырмыз. Ауылдан алыс жерден жайылымдық жер алған едік. Сонда малымызды жайып, өсіріп отырмыз. Шаруашылықта 20 адам жұмыс істейді. Олардың қатарында қойшы, жылқышы, аспазшы, механизатор бар, - дейді шаруашылық басшысы.

Қанат Мамытовтың әкесі Сұлтанғали Мамытов кезінде осы ауылды басқарып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен үлес қосқан. Отбасында алты бала тәрбиелеп өсірген ауыл азаматы зейнеткерлікке шыққан соң шаруашылықтың «тізгінін» баласы Қанатқа табыстапты. Қазір зейнеткер қалада тұрады.

Бүгінде «Мақсат Мамытов» шаруа қожалығында асыл тұқымды мың жылқы, 500 ірі қара, 1500 қазақы қой бар. Сондай-ақ шаруа шөп шабуға арналған техникалардың да түр-түрін сатып алған.

Шаруашылықта мұғалжар жылқысын өсіріп отырмыз. Бүгінге дейін мемлекеттен асыл тұқымды мал үшін субсидия төленді. Мал азығы үшін де қолдау болды. Сол үшін осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысымды айтамын. Қазір қожалық жұмысын балам Қанат жүргізіп, ауылда осы саланың дамуына ерекше үлес қосып жүр. Жалпы қазір жыл сайын елді мекендерге барып, жеке қожалық ашып, мал санын көбейту үшін жұмыстанып жатқан азаматтар көп. Егер облысымызда жылқы саны артса, жақсы ғой. Болашақта біздің шаруашылықта жылқы санын көбейту жоспарда бар, - дейді Сұлтанғали Мамытов.

Мамытовтар сияқты өз туған ауылын түлетіп, мал шаруашылығын дамыту жолында еңбектеніп жүрген азаматтардың бірі - Алға ауданының перзенті, белгілі кәсіпкер Самат Қалдығұлов.

«Реймқұл» шаруа қожалығын 1997 жылы құрдық. Содан бері қой, ірі қара мен жылқы малын өсіріп, үзіліссіз еңбек етіп келемін. Шаруашылықта 20-дан астам адам жұмыс істейді. Жазда шөп шабу науқаны кезінде шаруашылықтағы жұмысшылардың саны әлдеқайда артады. Қазір аруашылығымызда үш мың ірі қара, мыңнан астам жылқы, үш мыңнан астам қой бар. Шаруашылық базасында ірі қара мен жылқыға арналған бордақылау алаңы бар. Жыл сайын малды осы жерде бордақылап, облыс орталығында орналасқан цехқа апарып тапсырамыз. Одан дейін «Айбек» ауылдық тұтыну кооперативі сол ет өнімдерінен жартылай фабрикатталған өнімдер дайындайды, - дейді ол.

Шаруашылық басшысы қазір ауылда мал шаруашылығын дамытумен қатар елді мекеннің гүлденуі үшін демеушілік жасап, тұрғындарға жағдай жасап отыр. Бұған дейін ол «Ауыл қамқоршысы» жобасы аясында өз қаржысына ауылына Мәдениет үйін салып берсе, бірнеше жыл бұрын кәсіпкердің бастамасымен елді мекенге газ құбыры тартылды. Қазір Амангелді ауылында газ да, жарық та, ауызсу да бар.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, кәсіпкер ауылдағы әр үйге ауызсу құбырын кіргізіп берген. Сондай-ақ балаларға арналған шағын саябақ та салып беріпті.

Биыл кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылына келіп, жұмыс істегісі келетін отбасыларға қолдау көрсететінін жеткізді. Оның айтуынша, қазір жұмысы жоқ, мал баққысы келетін отбасыларға қожалығындағы 300 ірі қараны беруге дайын. Ең бастысы, отбасы мүшелері еңбекқор, малды жауапкершілікпен бағып, күтсе болғаны. Төлін де алып, пайда көруіне болады.

Еліне қызмет етіп, ауылды гүлдендіруге үлкен үлес қосып отырған Самат Қалдығұлов сияқты азаматтар өңірімізде көп болса, елді мекендердің жағдайы жақсарары сөзсіз.

Облыста бүгінде жылқы өсіріп, оны бордақылаумен айналысатын бірқатар шаруа қожалықтары да бар. Солардың бірі - Алға ауданындағы Бестамақ ауылдық округіндегі «Есбол» шаруа қожалығы. 

Қазір бұл шаруашылық жылқы бордақылап отыр. Өз қаржысына қожалықтың басына үй салып, малға арналған қора тұрғызған шаруа Сәкен Сүйеубаев алдағы уақытта мал бордақылау алаңындағы жылқы санын мыңға жеткізуді жоспарлап отырғанын айтады.

Кезінде 100 миллион теңгеден астам қаржыға мал бордақылау алаңы мен жұмысшыларға арналған жатақхана салғанмын. Жылқы соятын алаң да салдық. Қазіргі таңда бордақылау алаңында 60-70 жылқы бар. Жыл сайын жылқы етінің бағасы қымбаттап жатыр. Бұл біз сияқты шаруашылықтарға тиімді. Себебі ет арзандаса жем-шөптің шығыны мен жұмысшыларға төлейтін еңбекақыны өтей алмаймыз, - дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінде бордақыланған жылқының бағасы - 600-700 мың теңге. Ет бағытында жұмыс жасап жатқан шаруа енді қымыз өндіруді қолға алмақ. Қымыздың да бағасы қазір облыста «ұшып» тұр. Бір литрі 1300-1500 теңге тұрады.

Сондай-ақ қожалықта жылқымен қатар отар-отар қой, ірі қара бар. Алдағы уақытта шаруа ірі қара санын көбейтіп, оны да ет, сүт бағытында дамытқысы келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы