Ақтөбе облысында жыл соңына дейін сұйытылған газдың бағасы 50 теңге болады
Ақтөбе облысында 2022 жылдың соңына дейін сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 50 теңге, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Энергетика министрлігі өндіруші зауыттардың шығындарын ішінара өтеу мақсатында сұйытылған мұнай газын өндірушілер мен өткізушілер арасында кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын өндіру зауыттарын ынталандыруға мүмкіндік беретін шекті көтерме сауда бағасын 1 тоннасы үшін 33 600 теңге (19,7 теңге/литр) деңгейінде бекіту туралы бұйрық қабылдады, - деп хабарлады Болат Ақшолақов Ақтөбе облысының халқымен кездесуде сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаларды мемлекеттік реттеуді сақтап қалды және Ақтөбе облысы үшін сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағаларын ағымдағы жылдың соңына дейінгі мерзімде 1 литр үшін 50 теңге мөлшерінде бекітті.
Энергетика министрі министрлік ұзақ мерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, бағалардың алыпсатарлық ауытқуына жол бермей, сұйытылған мұнай газын облыстар бойынша бөлу тетігінің реинжинирингін жүргізу бойынша шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.
Осы шаралардың бірі ретінде белгілеген бөлшек сауда бағаларын негізге ала отырып, өндіруші зауыттардың сұйытылған мұнай газына шекті көтерме сауда бағаларын айқындауы жөніндегі қағидалар әзірленетін болады, бұл сұйытылған мұнай газын өндірушілер мен өткізушілер арасында кірістерді әділ бөлуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ зауыттарды сұйытылған мұнай газын өндіруге ынталандыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Президенттің тапсырмасына сәйкес сұйытылған мұнай газы биржасына ауысу 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды.
Ағымдағы жылғы 20 шілдеде биржалық сауда-саттық кезінде бағаның күрт көтерілуіне жол бермеуге мүмкіндік беретін Биржалық сауданың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізілді.