Ақтөбе облысында жыл басынан 40 жасөспірім жүкті болып қалған
Ақтөбе облысында жыл басынан бері жүкті болып қалған 40 жасөспірім тіркеуге алынған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық перинаталдық орталықтың балалар және жасөспірімдер гинекологі Салтанат Тобылбаеваның айтуынша, былтыр облыста кәмелетке жасқа толмағандар арасында 140 жағдай тіркелген.
Оның ішінде 101 жасөспірім толық отбасынан шықса, 39-ы — сәтсіз отбасынан шыққандар. Жалпы ерте жүкті болып қалған қыздардың 92 пайызы — 18 жасқа толғандар. Алайда қыз балалардың ерте жастан жүкті болып қалуы қалыпты жағдай емес.
Биылғы жылдың бес айында Ақтөбе облысында жүктілікпен 40 жасөспірім тіркеліп отыр. Оның ішінде 35-і немесе 88 пайызы баласын босануға дайындалып жүрсе, 4 қыз бала (10 пайызы) сәбиін қолына алды. Ал бір жасөспірімнің әлеуметтік жағдайына байланысты жүктілікті үзуіне тура келді. Жалпы, жасөспірімдер арасындағы жүктілік мәселесі — бүгінде еліміздегі өте өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда қазір облыс көлемінде ел Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен репродуктивті денсаулық апталығы өтіп жатыр. Осы апталық аясында облыстағы барлық медициналық мекемелерде ашық есік күндері, жасөспірімдерге арналған тегін медициналық тексерулер, дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастырылады, — дейді Салтанат Тобылбаева.
Аталған апталық жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын бақылауға, жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды болдырмауға, жатыр мойны қатерлі ісігін тудыратын папиллома вирусының алдын алуға бағытталған.
Айта кету керек, Ақтөбе облысындағы барлық аудандық ауруханада жастар денсаулық орталықтары жұмыс істейді.