Ақтөбе облысында жұмысшылардың жалақысы 50 пайызға дейін өсті

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысында 130 кәсіпорнында жұмыс істейтін 60 мың жұмысшының жалақысы 10 пайыздан 50 пайызға дейін көтерілген. 

Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Әбдухат Мырзалиннің айтуынша, аталған 130 кәсіпорынның 30-ы — мұнай және сервистік компаниялар. 

Биыл облыста жалақының аздығына байланысты бес кәсіпорында наразылық шаралары болды. Жұмысшылар компания басшылығына жалақыны орта есеппен 20-25 пайызға көтеру туралы талап қойды. Біз қазір жұмысшылардың жалақысын арттыру мақсатында қолданыстағы алгоритмге сәйкес облыстың әлеуметтік-еңбек саласында тұрақтылықты сақтау бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Мәселен, бүгінде облыстағы 4 кәсіпорын «Еңбек тәуекелдері картасына» еніп отыр. Олар — «Mining inert materials», «КТП», «Bolashak 07» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы. Осылардың ішінде инженерлік құрылыстар салумен айналысатын, бүгінде жүзге жуық адам штаттық режимде жұмыс істейтін  «КТП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің 14 қызметкеріне 4,5 миллион теңге мөлшерінде берешек болып отыр. Біз осыған байланысты жұмыс берушінің әкімшілік жауапкершілікке тартылуына ұйғарым жасадық. Қазір бұл бағытта сот орындаушылары жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар басқа да компаниялардың басшыларына жұмысшылардың жалақысын уақытында төлеу туралы ұйғарым жібердік. Бұл заң бұзушылықтардан ешқандай кәсіпорын құтылмайды. Бәрі заң аясында жүргізіліп отыр, — дейді Ә.Мырзалин.

Оның айтуынша,  жыл басынан бері Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасына еңбек қатынастарына байланысты мыңнан аса арыз-шағым келіп түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. Нәтижесінде басқарма мамандары кәсіпорындарға 228 тексеру жүргізіліп, олардан 400-ге жуық заң бұзушылық дерегін анықтаған. Осылайша тексеру шараларының нәтижесінде жұмыс берушілерге 133 ұйғарым беріліп, барлығы 19,2 миллион теңгеге әкімшілік айыппұлдар салыныпты.

Өткен жылы біз азаматтардың құқығын қорғап, соның нәтижесінде жұмыс берушілер оларға 415,6 миллион теңге мөлшерінде берешектерін өтеген болатын. Биыл бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, 56,8 миллион теңге мөлшерінде берешектер өтелді. Жұмысшыларына берешектерін өтеген кәсіпорындар арасында облыстағы «КТП Транс», «БШПУ Қазақстан», «Ақтөбе Сәулет», «Ақтөбе металл құрастыру зауыты» және тағы басқалар бар. Қазіргі таңда біз 198 жұмысшысына 31 миллион теңгеден астам қарызы бар «Mining Inert Materials» және 95 жұмысшысына 4,5 миллион теңге берешегі бар «КТП» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл екі кәсіпорын 3 айдан бері азаматтарға жалақы төлемеген, - дейді басқарма басшысы.

Айта кету керек, пандемия кезінде өңірдегі бірқатар компанияларда осындай олқылықтар болғаны белгілі. Алайда еңбек жанжалдарының алдын алу үшін Ақтөбе облысы әкімдігі әлеуметтік серіктестермен бірлесіп, үшжақты комиссияның жұмысын жандандырған еді. Соның нәтижесінде бүгінге дейін өңірде үшжақты комиссиялардың 89 отырысы өткізілді.  Аталған отырыстарда бірқатар компаниялардың басшыларына жыл соңына дейін жалақыны тағы да арттыру мүмкіндігін қарау туралы мәселе қойылды. Қазір бұл бағытта облыста жағдай тұрақты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы