Ақтөбе облысында жөндеу көрмеген мектептер неге көп?

Бүгінде Ақтөбе облысында 430 мектеп болса, соның 165-і немесе 40 пайызы күрделі жөндеуді немесе жаңа құрылысты қажет етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева айтып берді.

Бүгінде мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсаруда. Десек те ауылдық жерде орналасқан мектептер оқу жұмыс жоспарына сәйкес интернет желісіне қосылған компьютерлік сыныптармен, оқу-зертханалық жабдықтармен, биология, химия, физика, мультимедия кабинеттерімен толық жабдықталмаған. Зертханалық және практикалық жұмыстарды электрондық оқүлықтарды қолдау арқылы, виртуалды түрде өткізіледі. Спорт зал болмағандықтан, дене шынықтыру сабағын мектеп ауласында, дәлізде, бос кабинеттерде, теориялық түрде өткізуге мәжбүр. Сондай-ақ мектеп ғимараттарына уақытылы күрделі жөндеу жүргізілмегендіктен, апатты мектептер санының өсуі де байқалады, - дейді ол.

Департамент басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыста 5 апатты, апат алдында тұрған 7 мектеп бар. 15 мектептің құрылысы уақытылы аяқталмай, тоқтап тұр.

Мәселен, Ақтөбе облысы Алға ауданындағы В.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебі - осындай ғимараты тозып тұрған мектептердің бірі.

№2 Алға орта мектебінің директоры Ербол Куспановтың айтуынша, бұл оқу орнының іргетасы 1932 жылы қаланған. Мектепке 2008 және 2012 жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың қасбеті, терезелері ауыстырылған. Сондай-ақ бірқатар бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған. 2021 жылы мектеп басшылығы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірлеген. Алайда мектептің ғимаратына әлі күнге дейін жөндеу жүргізілмей отыр.

Қазір құрылыс материалдарының бағасы жылдан-жылға қымбаттап жатыр. Сондықтан 2021 жылғы құжаттарға өзгерістер енгіздік. Қазір жобамыз Астана қаласында мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Заңдылыққа сүйенсек, мектептегі оқушы саны 650-ден асса, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін Астанадағы құзырлы мекемелер қарайды. Егер жоба жуырда мақұлданса, биыл немесе келер жылы мектебімізге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір мектебімізде 731 бала оқиды, 85 мұғалім жұмыс істейді. Бізге қазір керегі - жазғы спорт алаң. Сондай-ақ спорт залымызға жуыну бөлмесін орнату керек, - дейді мектеп директоры.

Ербол Куспановтың айтуынша, аталған оқу орны облыстағы тарихи маңызы бар нысандардың қатарына кіргізілген, сондықтан мектепке жаңа ғимарат берілмейді. Тек жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады.

Бұрынғы құжаттарда жоба құны 291 миллион теңге болса, соңғы өзгерістерге сәйкес оның құны 447 миллион теңгеге шығып отыр. Осы мәселе тездетіп шешілсе екен деп күтіп отырмыз. Себебі Алға қаласындағы бізден басқа мектептер өткен жылдары күрделі жөндеуден өтті. Мәселен, Алға қаласындағы №3 және №4 орта мектептер жоспарға сәйкес қайта жөнделді, - дейді Ербол Куспанов.

Айта кету керек, В.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебі екі тілде білім береді.

Ақтөбе облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиеваның айтуынша, өңірдегі тағы бір мәселе - мектептердегі қауіпсіздік мәселесі. Оның ішінде бейнебақылаумен қамту мәселесі қазір басты назарда тұр.

Облыстағы мектептердің барлығы дерлік бейнебақылаумен қамтылғанымен, олардың кейбірі талапқа сәйкес келмейді. Оның ішінде камералардың жетіспеушілігі, жазбалардың 30 күнге дейін сақталмауы, мектеп аумағын толық көрсете алмауы жағдайлары тіркеліп отыр. Тексерулер барысында біз Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы үш мектепте бейнебақылау жүйесі мүлдем жасамай тұрғанын анықтадық. Сондай-ақ мониторинг барысында облыстағы 98 мектепте келісімшартта көрсетілген интернет жылдамдығы іс жүзіндегі жылдамдыққа сәйкес келмейтіндігі анықталды. Бұдан бөлек, лицензияланған күзетпен, дабыл түймесімен, турникеттермен жарақтандыру бойынша мектептерде әлі де талапқа сай жұмыс жүргізу қажет, - дейді Гүлнәр Сәрсенғалиева.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, бүгінде өңірдегі 36 мектеп металл іздегішпен қамтамасыз етілген болса, 154 мектепте турникет орнатылған. 132 мектеп лицензиялы күзет қызметімен қамтылған. Бұл мақсатқа былтыр облыстық бюджеттен 1 204,0 млн теңге қарастырылған. Ал басқа білім беру мекемелерінде мамандандырылған күзет қызметі қарастырылмаған. Дегенмен күндізгі уақытта вахтерлар, кешкі уақытта күзетшілер жұмыс жасап, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Бүгінде облыстағы мемлекеттік 403 мектепте жалпы саны 9300-ден астам камера бар. Оның ішінде 6100-ден астамы ішкі камералар болса, 3210-ы - сыртқы камералар. Облыста орта білім беретін 292 ұйым террористік тұрғыдан осал нысандар санатына жатады. Мәселен, инженерлік-техникалық жабдықтармен жарақтандыруға сәйкес білім беру ұйымдарының терроризмге қарсы қорғалуы үш топқа бөлінеді. Атап айтсақ, 1-топтағы білім беру ұйымдарында оқушылар саны 300 адамға дейінгі болса, 2-топтағы білім беру мекемелерінде оқушылардың саны 300-700 аралығында болады. Ал 3-топтағы білім беру ұйымдарында оқушылар саны 700-ден асады. Қазіргі таңда өңірімізде талапқа сәйкес бейнебақылау және хабардар ету жүйесімен барлық үш топтағы мектептер қамтылуы қажет. Осы орайда біз барлық мектепті тиісті құрал-жабдықтармен, камералармен жабдықтап жатырмыз, - дейді Жайық Сұлтан.

Оның айтуынша, бүгінде облыстағы 174 мектептің 2769 камерасы жедел басқару орталығына қосылған. Ал 8 мектеп ауылдардың облыс орталығынан шалғай орналасуына және арнайы интернет желісінің болмауына байланысты орталыққа қосылмай отыр. Олардың қатарында Шалқар ауданындағы - 5, Әйтеке би ауданындағы - 3, Ойыл ауданындағы бір мектеп бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы