Ақтөбе облысында жол апаты неге көп?
Биыл Ақтөбе облысында жол апатының салдарынан көз жұмғандар саны көбейген. 10 айдың ішінде 134 жолаушы көз жұмған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының көбеюіне жүргізушілердің жол ережесін бұзуы және облыс аумағымен жүретін транзиттік көліктер санының артуы себеп болып отырғанын айтады.
Облыста өткен жылы 427 жол апаты тіркелсе, биыл оның саны екі есеге артып отыр. Былтыр жол-көлік оқиғаларының салдарынан 87 адам көз жұмып, 539 адам дене жарақатын алған.
134 адам көз жұмып, 1320 жолаушы жарақат алған
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының жол қауіпсіздігі бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Асылхан Бекбосыновтың айтуынша, биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысында 933 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 134 адам көз жұмып, 1320 жолаушы түрлі дене жарақатын алған.
Бүгінде облыста болған жол апатының көбі халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда тіркеліп отыр. Мәселен, биылғы 10 айда осындай жолдарда 79 жолаушы көз жұмған. Атап айтсақ, «Самара-Шымкент» тас жолында болған жол-көлік оқиғаларының салдарынан 50 адам, «Ақтөбе-Астрахань» автокөлік жолында 20 адам, «Ақтөбе-Орынбор» тас жолында үш адам, «Ақтөбе-Орск» жолында 5 адам көз жұмып отыр. Оған басты себеп - көлік қарқындығының көптігі, жүргізушілердің жылдамдықты асырып, көлік құралын жүргізуі, жол ережесін сақтамауы, - дейді ол.
Полиция майорының айтуынша, бүгінде облыс аумағындағы "Самара-Шымкент" халықаралық тас жолымен күніне 16 мыңнан астам көлік жүреді. Қазіргі таңда транзиттік көліктер саны көбейген. Сол себепті жаз-күз айларында осы жолмен жүретін шетел азаматтарының қатысуымен жол апаттары жиі тіркелуде.
Биыл департаменттің қызметкерлері аталған тас жолдағы жүк көлігінің кептелісін азайту және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында "ҚазАвтожол" мекемесінің мамандарымен бірге түнгі уақытта рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, жүргізушілерге ыстық шай, кофе таратып, олардан демалып алуларын сұрап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол ережесін бұзбауға шақырды. Сондай-ақ жедел жәрдем көліктерімен бірлесіп, жүргізушілердің қан қысымын тексеріп, медициналық тексерулер өткіздік. Мұның бәрі шетел және ел азаматтарының жолда шаршамай, уақытылы тынығып, жол ережесін бұзбай, жол апатына жол бермеуінің алдын алу үшін ұйымдастырылды, - дейді Асылхан Бекбосынов.
Қазіргі таңда облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Ақтөбе облысы арқылы өтетін, транзиттік көліктер көп жүретін Жайсаң бекетінде күнделікті алдын алу шараларын жүргізіп, жүргізушілерге жадынамалар таратып жатыр. Сондай-ақ шетел азаматтарына облыс аумағындағы демалатын орындар мен қауіпті жолдар туралы мәлімет беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мұндағы басты мақсат - жол апатының алдын алу және оны болдырмау.
Осы мақсатта өңірімізде 11-17 қараша аралығында жол апатының алдын алу және жол-көлік оқиғалары салдарынан көз жұмғандарды еске алуға арнап акция өткіздік. Осы апталық аясында жол-патрульдік полиция қызметкерлері қан тапсырып, көшелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді, эвакуаторлармен қала ішін аралап, жүргізушілерге көмек қолын созды. Сондай-ақ арнайы оқу орындары мен мектептерге барып, оқушылармен кездесті. Бұдан бөлек,23-25 қараша күндері аралығында республика аумағында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Осы іс-шара аясында полиция қызметкерлері республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда жол ережесін бұзғандарды ұстады. Мәселен, қазіргі таңда департамент қызметкерлері ірі жолдардағы көлік қозғалысын үнемі бақылап отырады. Алдағы уақытта осы орайда патрульдік көліктер мен қызметкерлер санын көбейту жоспарда бар. Мұндағы мақсат - жолдағы тәртіпті сақтау, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол ережесін бұзғандарды ұстап, жазалау. Бір айта кетерлігі, қазір біздің облысымызда қызметтік көлік тапшылығы жоқ. Ал қосымша қызметкерлер саны көбейту мәселесі облыс әкімдігінде қаралып жатыр, - дейді полиция майоры.
Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында 15 «Автоураган» көлігі бар. Осы көлік жүйесінің көмегімен құжатсыз көлік басқарған және ереже бұзған жүргізушілер анықталады.
Балалар қауіпсіздігі неге сақталмайды?
Өкінішке қарай, соңғы жылдары Ақтөбе облысында балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбейіп отыр. Қазір құқық қорғау органдарының өкілдері мектептер мен колледждерде жиналыстар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дегенмен одан нәтиже аз. Былтыр және биыл мектеп оқушылары жарысқа және басқа да іс-шараларға бара жатып, жол апатынан көз жұмып, біраз бала жарақат алды. Мұның барлығы
жауапты мекемелердің полиция қызметкерлерінің көмегінсіз балалар тасымалын ұйымдастыруынан және ата-аналардың балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлығы қарағанынан болып отыр.
Кез келген көлік құралында бала арнайы орында отыруы керек. 12 жасқа дейінгі балалар арнайы автоорындыққа отырғызылуға тиіс. Баланы ата-анасы алдына отырғызуы дұрыс емес. Көп ата-ана көлікке артық адам алады да, баланы алдына отырғызып, алып жүреді немесе автоорындық қолданбайды. Осының салдарынан балалардың өміріне қауіп төнеді. Мәселен, жол ережесін қатаң сақтамай, балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарағанның салдарынан биыл Ақтөбе облысының аумағында 289 жол апаты тіркеліп, салдарынан 21 бала көз жұмды. 338 бала әр түрлі дене жарақатын алған. Атап айтсақ, биыл тамыз айында Әйтеке би ауданынан Ақтөбе қаласына бағыт алған көлік жол апатына ұшырап, салдарынан 8 адам қаза тапты. Оның үшеуі - бала. Сол сияқты тамыз айында Ойыл ауданының тұрғындары Қобда тас жолы маңында жол апатына ұшырап, салдарынан бірнеше бала көз жұмды. Жалпы, биыл осындай деректер көбейіп отыр. Мұның барлығы облыстағы бірқатар аудандарда балаларды тасымалдау туралы ереженің тиісті дәрежеде орындалмауынан болып отыр. Бұл оқиғаларда көп жағдайда жауапты мекемелер полицияға хабарламай, балаларды такси жалдап апарған. Мұндай оқиғалар былтыр Ырғыз ауданында орын алған болатын. Сондықтан біз алдымен ата-аналарға балаларының қауіпсіздігін ойлап, оқушылар тасымалына немқұрайлы қарамауын сұраймыз. Балалардың жыл сайын жол апатының салдарынан көз жұмуы - өте қайғылы жағдай, бұл үлкен трагедия, - дейді полиция майоры.
Оның айтуынша, соңғы кезде Ақтөбе қаласында жаяу жүргіншілер жолында көлік қағып, қаза болғандар саны артқан. Мәселен, биылғы он айдың ішінде облыс орталығында 219 жол апаты болып, салдарынан 17 адам көз жұмған, 210 адам жарақат алған. Оның 4-еуі - бала.
Жол-көлік оқиғасының алдын алу бағытында қазір қала ішіне бағдаршамдар қойылып жатыр. Сондай-ақ биыл Ақтөбе қаласындағы 66 учаскеде жылдамдық режимін бекіту бейнекамералары іске қосылды. Бұл камералар іздеуде жүрген, айыппұлын төлемеген, бағдарда тұрған, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан автокөліктерді анықтайды.Негізі, мұндай камералардың бізге көмегі көп. Өйткені қала ішінде бұрын бір тәулікте 30-40 жол апаты тіркелсе, қазір олардың саны едәуір азайды, - дейді Асылхан Бекбосынов.
Оның айтуынша, биылдан бастап елімізде жол апатына қатысты статистика жүргізу тәртібі өзгерген. Мәселен, бұрын жол апатына түскен жолаушы бір тәуліктен артық ауруханаға жатпаса, ол зардап шегуші ретінде есепке алынбайтын. Қазір ауруханаға барып, медициналық көмекке жүгінген кез келген адам есепке алынады. Соның нәтижесінде биыл облыста жол апатынан зардап шеккендер үлесі артып отыр.
Жүргізушілер не дейді?
Ырғыз ауданы мен Ақтөбе қаласының арасына қатынайтын такси жүргізушісі Жеңіс
Сырлыбаев жол апатына ең әуелі жүргізуші кінәлі екенін айтады. Себебі жылдамдықты асырып, қарсы бетке шықпасаң, ұзын жолда қауіп жоқ.
Көп жағдайда жас жігіттер қызуқандылықпен, асығыстықпен жылдамдықты асырып, қарама-қарсы бетке шығып, ережені бұзады. Соның салдарынан жүк көлігіне немесе өзге көлікке барып соғады. Ал нәтижесінде кім кінәлі? Әрине, өзі. Себебі жауапкершілік алдымен жүргізушіде. Сондықтан жастар көлік тізгінін ұстағанда барынша сабырлы, тиянақты, сақ болғаны дұрыс. Менің такси жүргізушісі болып қызмет етіп жүргеніме он шақты жыл болды. Осы уақыт аралығында ешқашан заң бұзып, жол-көлік оқиғасына тап болған емеспін. Оған басты себеп — көлікті асықпай, ұқыпты жүргізуім, — дейді ол.
Күн сайын 400-450 шақырым жол жүріп, жолаушыларға қызмет ететін такси жүргізушісі қазір республикалық, облыстық жолдарда көліктердің көбейгенін айтады. Сондай-ақ түнгі мезгілде жол жүру қыс айларында өте қауіпті екенін жеткізді.
Оның айтуынша, қаншалықты асықсаң да, шаруаң болса да, алыс жолға күн жарықта жүрген тиімді. «Қауіп аяқ астында» демекші, жүргізушінің өз жұмысына тиянақты әрі сақтықпен қарауы жолаушының қауіпсіздігіне барынша ықпал етеді.
Мен жолға көбіне таң ата шығамын. Түске дейін барар жеріме асықпай жетемін. Сосын сол күні алыс жолға шықпай, бір күн демаламын. Жолаушыларға түсіндіріп, келесі күнге жолға шығамын. Нәтижесінде өзім де тынығамын, көлігім де "демалады", жолаушылар да асықпайды, - дейді такси жүргізушісі.
Ал Ақтөбе қаласының тұрғыны Айқын Сермағанбеттің айтуынша, өңірде жол апатының көбеюіне көлік ағынының артуы себеп отыр.
Қазір әрбір үйде кемі бір-екі көліктен бар. Қала ішінде бүгінде ине шаншар жер жоқ. Барлық тұрғын үйлердің аулалары толған көлік. Кәрі де, жасы да темір тұлпар тізгіндеуге құмар. Алайда балалар мен қариялардың қауіпсіздігін ойлап жатқандар аз. Полиция қызметкерлері ереже бұзғандарды ұстап, оларға айыппұл салғанымен, нәтиже аз, себебі жүгенсіз кеткендер көбейіп барады. Соның салдарынан жол-көлік оқиғасынан зардап шегіп жатқандар көп. Қазір қала ішінде жол апаты көбейген. Себебі алды-артына қарамастан, асығып жүретіндер, жылдамдықты асырып, жаяу жүргіншілер жолын өткізбейтіндер жетерлік. Осы тұрғыда алдағы уақытта жүргізушілерге қатаң талап қойып, олардың кәсібилігі мен білімін тексеру керек деп ойлаймын. Жүргізуші куәлігін кез келген адам ала алмауы керек. Емтихан тапсырып, білімін дәлелдегендер ғана көлік жүргізуі керек, - дейді қала тұрғыны.
Айта кету керек, Айқын Сермағанбеттің көлік жүргізгеніне отыз жылға жуық уақыт болған. Тәжірибелі жүргізуші бірде-бір рет заң бұзбағанын айтады.
P.S. Қалай десек те, соңғы жылдары Ақтөбе облысында жол апаты көбейген. Соның салдарынан көз жұмғандар саны азаймай отыр. Олардың ішінде балалар да бар. Алдағы уақытта бұл мәселенің алдын алмасақ, ұзын жолда қаза болатындар көбейе бермек. Бұл тұрғыда ішкі істер органдары мен құзырлы мекемелер, сондай-ақ облыс тұрғындары бірлесіп, мәселенің себебімен күреспесе болмайды. Сіз не дейсіз, оқырман?...